Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жеделхатта Мемлекет басшысы Мұхтар Шахановтың қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өткен.
Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.