Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жеделхатта Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Ол ақынды қазақ халқының ұлы перзенті, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атап өтті.
"Мұхтар аға тек бауырлас қазақ халқына ғана емес, көпмиллионды қырғыз жұртына да рухани тірек болған тұлға еді. Қырғыз қоғамы бүгін тағы бір биік шыңынан, рухани сүйенішінен айырылып отыр. Мұндай ұлы тұлғалар туралы "оның кетуімен тұтас бір дәуір аяқталды" деп айтылады. Шын мәнінде, Мұхтар ағаның өмірден өтуімен бүкіл түркі әлемі бір дәуірінен айырылды", – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Қырғызстан басшысы ақынның еркіндік пен әділеттілік рухын бойына сіңіріп, кеңестік кезеңде де, кейінгі жылдары да ел тағдыры үшін батыл күрескенін атап өтті. Ол ешқандай қысымға қарамастан, шындықты ашық айтып, Желтоқсан оқиғасы бойынша өз ұстанымын батыл білдірген қайраткер ретінде сипатталды.
Жеделхат соңында Садыр Жапаров марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қазақ халқымен бірге қайғыра көңіл білдірді.