Қонаев қаласында фермер әрі белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы отырыс 9 сәуірде өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бастапқыда тыңдау 1 сәуірге жоспарланған болатын, алайда сотталушының жеткізілмеуіне және адвокаттардың бір бөлігінің қатыса алмауына байланысты отырыс кейінге шегерілді.
Адвокат Анар Құсайынова бірнеше өтініш бергенін мәлімдеді. Ол алдын ала тыңдау өткізуді, істі Талдықорған сотына беруді және Садырбайды қамаудан босатуды сұраған. Қорғаушының айтуынша, ол ешқандай заңды негізсіз қамауда отыр.
«Қонаев қалалық соты 19 наурызда қаулы шығарғанымен, ол 31 наурызға дейін Судебный кабинетте (сот кабинетінде) болған жоқ. Бұл біріншіден. Екіншіден, сот бұрын қолданылған санкцияны сол күйінде қалдыру туралы және қажет болған жағдайда оны ұзартуды көрсеткен. Бірақ тергеу сотының Алмасбек Садырбайға қатысты санкциясы 2026 жылдың 19 наурызы күні сағат 21:39-ға дейін ғана күшінде болған. Қонаев соты дәл осы санкцияны қалдырды, ал оның мерзімі сол күні сағат 21:40-та аяқталды. Бұлтартпау шарасын ұзартуға қатысты басқа ешқандай қаулы шығарылған жоқ!» - деп жазды Анар Құсайынова.
Садырбай бір жарым жылдан бері қамауда отыр. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құру, алаяқтық және ақшаны жылыстату баптары бойынша айып тағылуда.
Белсенді өз кінәсін мойындамады. Бұған дейін ол билікке үндеу жасап, бұл істің оның қоғамдық қызметімен және фермерлердің құқығын қорғауымен байланысты екенін айтқан болатын.