19 сәуір күні қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасында дүниеден өтті. Осыдан кейін әлеуметтік желіде ақынның жерленетін орнына қатысты түрлі пікірлер тарай бастады, деп жазады Arasha.kz.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Ханшайым Шаханова оның соңғы аманаты – өзін Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесі маңына жерлеу болғанын айтқан еді. Алайда кейін ақынның 21 сәуір күні Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленетіні белгілі болды.
Осы мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді. Azattyq Rýhy редакциясының сауалына жауап берген министр Арыстанбаб кесенесінің аумағы тарихи-мәдени нысан ретінде мемлекет қорғауында екенін атап өтті.
Оның айтуынша, аталған орын бұрын зиярат ететін мекен болғанымен, бүгінде туристік және мәдени орталыққа айналған. Сондықтан ол жерде жаңа зират қазу адамгершілік және діни тұрғыдан дұрыс шешім емес.
«Арыстанбаб – пантеон немесе зират емес, ең алдымен тарихи-мәдени және рухани орталық. Қазіргі таңда ол туристік бағытқа енген маңызды нысан. Сондықтан бұл аумақта жаңа жерлеу орындарын ашу орынды емес деп санаймыз», – деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева Мұхтар Шахановтың өмір жолымен тығыз байланысты қала – Алматы екенін атап өтті. Оның пікірінше, ақынның рухына тағзым еткісі келетін жұртшылық үшін Кеңсай зираты қолайлы әрі дәстүрлі орын.
Министр сөз соңында марқұмның туыстары бұл шешімге түсіністікпен қарайды деген сенім білдірді.