Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Беташарға 4 млн теңге салған ақтөбелік депутат жағдайдың мән-жайын түсіндірді

Беташарға 4 млн теңге салған ақтөбелік депутат жағдайдың мән-жайын түсіндірді
Сурет: видеодан скрин

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиевтің қатысуымен түсірілген видео қызу талқыға түсті. Үйлену тойында беташарға 4 миллион теңгені паш етіп салған халық қалаулысының әрекетіне қатысты жұртшылықтың пікір екіге жарылды. Бірі мұны «нағыз жомарттық» десе, енді бірі «байлықты көрсетудің ерсі түрі» деп бағалады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шулы видеодан кейін депутат көпшілікке үндеу жасап, жағдайдың мән-жайын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, бұл қаражат тек оның жеке қалтасынан емес, бір топ досының атынан жиналған ортақ сыйлық көрінеді.

«Үйленіп жатқан - бала кездегі ең жақын досым. Мен сол тойда күйеу жолдас болдым. Сыйлықты тапсыру міндеті маған жүктелгендіктен, оны көпшілік алдында көрсетіп салуды жөн көрдік. Бұл жерде ешқандай мақтану немесе өзімді көрсету ойымда болған жоқ», - дейді А. Қайырғалиев.

Қоғам тарапынан айтылған өткір сыннан кейін депутат өз ісінің «ерсі», яғни әдепсіздік болғанын ашық мойындады. Ол эмоционалды тұрғыда жасалған бұл қадамның халық қалаулысы деген мәртебеге сай келмейтінін түсінгенін жеткізді. Депутат алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбайтынына уәде беріп, қоғамдық сынды дұрыс қабылдайтынын жеткізді.

Депутаттың өз қателігін мойындап, түсініктеме беруі — мәдениеттіліктің белгісі. Алайда, халық қалаулысы ретінде әрбір қадамына жауапты екенін ұмытпаған жөн. Бұл жағдай басқа да шенеуніктер мен депутаттар үшін «жеке өмірдегі» әрекеттің қоғамдық имиджге қалай әсер ететінін көрсететін сабақ болмақ.