Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Алматы облысындағы жойқын жарылыс әйел мен балалар отырған үйді күл-талқан етті

Алматы облысындағы жойқын жарылыс әйел мен балалар отырған үйді күл-талқан етті
Сурет: видеодан скрин

Алматы облысының Екпінді ауылындағы жеке үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан бір әйел мен үш бала зардап шекті. Олар ауруханаға ауыр күйік шалу және түрлі жарақаттармен түсті, деп хабарлайды Arasha.kz сайты КТК телеарнасына тілтеме жасап.

Самат Жайылхановтың көз алдында өз үйі ауаға ұшып кеткендей. Ол ең жақын адамдары – жұбайы мен үш ұлынан айырылып қала жаздады.

Ер адамның айтуынша, жарылыс жұма күні таңғы сағат бес жарым кезінде, ол аулаға шыққан сәтте болған. Зәресі ұшқан үй иесі бірден отбасын құтқаруға ұмтылған. Олар үйінді астында қалып қойған екен.

«Бәрін өз көзіммен көрдім. Шатыр шын мәнінде ауаға ұшып, қабырғалар жан-жаққа шашылып кетті. Одан кейін өрт тұтанды. Әйелімнің айғайын естіп, көмекке жүгірдім. Жұбайым үйінді астында жатыр екен, қолынан тартып шығарып алдым. Содан соң көршілер де жүгіріп келіп, балаларды алып шығуға көмектесті. Екінші ұлым көбірек зардап шекті: беті, қолы мен аяғын күйік шалған. Кенже ұлымның да беті күйіп, мұрны сынған», — дейді Самат Жайылханов.

Үй иесінің сөзіне қарағанда, оқиға ұлы шәйнекке су қайнатпақ болған кезде орын алған. Жасөспірім сіріңке жағып, газды қосқан сәтте жойқын жарылыс болған.

Қуатты жарылыс Екпінді ауылындағы жеке үйді толығымен жоқ қылды. Газ-ауа қоспасының жарылуынан кейін үйдің орнында тек іргетасы ғана қалған. Жарылыс толқыны барлық қабырғалар мен шатырды ұшырып жіберген. Ауыл тұрғындары кірпіштер мен ағаш бөренелерді бір шетке жинап қойған.

44 жастағы әйел мен оның үш баласы ауруханаға бас-сүйек жарақатымен, сынықтармен және ауыр күйіктермен жеткізілді. Үлкен ұлы  17-де, кішісі  10 жаста. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.

Төтенше жағдайдан кейін Екпінді ауылының тұрғындары өз өмірлері үшін қорқып отыр. Олар құбырдан газ кетті деп есептейді. Және мұндай жағдайдың қайталанбасына ешқандай кепілдік жоқ екенін айтады.

«Жарылыс бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Жойқын екпін үйді күл-талқан етті, тіпті көршілердің терезелері қирап қалды. Бірнеше күннен бері көз іле алмай жүрміз. Біздің де үйіміз ауаға ұшып кетпей ме? Газ құбырларының үйімізге тым жақын тартылғанынан қорқамыз», — деп бөлісті Екпінді ауылының тұрғыны Ерлан Айжанов.

Газ компаниясы жер астындағы құбырдан шынымен де газ кеткенін растады. Бірақ бұл жағдайдың жойқын жарылысқа себеп болған-болмағаны әзірге белгісіз.

«Біз жеткен кезде жарылыстың себебі белгісіз еді. Газдың кетіп жатқаны анықталды, бірақ нақты қай жерден екені түсініксіз болды. Кейін жер астынан көпіршіктердің шығып жатқанын көрдік — бұл жер асты газ құбырынан газдың сыртқа шығуы. Біз дереу апаттық бригада мен тракторды шақырып, газ кеткен жерді іздеу және оқшаулау жұмыстарын бастадық. Ақауды тауып, уақытша жаптық, қазір зақымдалған бөлікті ауыстырумен айналысып жатырмыз», — деп хабарлады «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ бас инженері Ерлан Құмашев.

Ауыл тұрғындары жалғыз баспанасынан айырылған отбасыға көмектесуге бел буды. Жергілікті шенеуніктер де материалдық көмек көрсетуге уәде берді.

«Ауылдастар шамамен 2 миллион теңге жинады. Сондай-ақ, демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмек көрсетіледі. Ол үшін зардап шеккендер үш ай ішінде өтінім беруі тиіс. Көмектің нақты сомасын қазір айта алмаймыз», — деп жауап берді Іле ауданы Ақсай ауылдық округінің әкімі Бақыт Төреев.

Қазір қираған үйдің иесі жұбайы мен балаларының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап отыр. Болған жағдайға кім жауапты болатыны әлі белгісіз. Жарылыстың нақты себептері сараптама нәтижелерінен кейін анықталады.