Алматы қаласында өткен көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президент хатында ақынның шығармашылығы мен ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Онда Мұхтар Шахановтың жалынды жырлары халықтың жүрегінен орын алғаны, шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылғаны, ал оның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатыны атап өтілген.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ақынмен қоштасуға Астанадан арнайы делегация келген. Қаралы жиынға вице-премьер Аида Балаева, ақын Ұлықбек Есдәулет, депутат Жанарбек Әшімжан қатысты. Сонымен қатар Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Жансейіт Түймебаев те азалы жиында болды.
"Біз де ағамыздың отбасына, жақындарына және барша қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз", – деді Сенат төрағасы.
Алматыдағы қаралы жиынға Қырғызстаннан да арнайы делегация келіп қатысты. Қоштасу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.
Азалы жиын аяқталған соң ақынның денесі Түркістан облысына жеткізіледі. 22 сәуір күні сағат 10:00-де Отырар ауданы Жаңа Шілік ауылында жаназа намазы оқылады. Марқұм Арыстанбаб кесенесі маңындағы Қоғам ауылы зиратына жерленеді. Сонымен қатар, аталған жерде болашақта кесене тұрғызу жоспарланып отыр.