Түркістан облысындағы шенеуніктер мен қоғам белсенділері арасындағы текетірес жаңа деңгейге шықты. Белгілі журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айналасындағы даулы жағдай мен оның ірі бизнеске қатысы болуы мүмкін байланыстарын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист жазбасында Түркістан облысындағы СЭС басшысы Нұрбек Нышановтың кабинетіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған «конверт беру» сәтін еске салады. Бұған дейін «Turkistan TV» арнасы бұл туралы сюжет шығарған болатын. Алайда, Козачковтың жазуынша, кейіннен ол конверттер пара емес, «қарызды қайтару» болып шыққан.
«Барлық парақорларға лайфхак: пара берушілер ақшаны "қарыз қайтарып жатырмын" деп берсін, сонда қылмыс құрамы болмайды. Түркістан облысында Қылмыстық кодекс осылай жұмыс істейді», - дейді журналист.
Бұл жағдайға алғашқылардың бірі болып Мәжіліс депутаты Абзал Құспан назар аударған. Ол полицейлердің Нұрбек Нышанов туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырғандарға хаттама толтырып жатқанын хабарлады. Нәтижесінде, блогер Бекболат Сәменов мемлекеттік арнадағы ақпаратты қайталап жазғаны үшін «жала жапты» деп айыпталып, 20 тәулікке қамалды.
Козачковтың айтуынша, осы материал шыққаннан кейін оған Алматы, Астана және Түркістаннан қоңыраулар түсіп, бейтаныс жандар шенеуніктің «зейнетке шығайын деп жатқан еңбекқор адам» екенін айтып, қорғауға тырысқан.
«Келіп түскен жаңа деректер бұл мәселенің тамыры тереңде жатқанын көрсетті. Түркістан облысында Қанат Нұрбекович Нышанов есімді ірі кәсіпкер бар. Ол - бірқатар компаниялардың, соның ішінде «Astana Tumar LTD» ЖШС-нің құрылтайшысы.
Бұл компанияның аты жуырда Мәжілісте де аталды. Депутат Бақытжан Базарбек «Қазатомөнеркәсіп» пен «Самұрық-Энерго» өкілдерінен неге олардың тендерлерінде үнемі екі фирма - «Тұмар» мен «Ақназар» жеңімпаз болатынын сұраған еді. Қызығы сол, бұл екі компанияның реквизиттерінде бір ғана телефон нөмірі көрсетілген және олар Шымкенттегі «Самал-2» мөлтек ауданында іргелес ғимараттарда орналасқан», - деп жазды Козачков.
Журналистің зерттеуі бойынша, көрініс төмендегідей:
Кабинетінде «қарыз» ретінде конверт алатын шенеунік Нұрбек Нышанов.
Оның фамилиялас, мүмкін ұлы немесе туысы - «Астана Тұмар LTD» арқылы ірі ұлттық компаниялардың тендерін ұтып жүрген кәсіпкер және жергілікті мәслихат депутаты Қанат Нышанов.
Журналист бұл байланыстар рас болса, блогерлердің тек әкімшілік жазамен құтылғанына «қуануы керектігін» айтып, ащы мысқылмен түйіндеді. Өйткені мұндай ықпалды топқа қарсы келудің салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.