Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Қазақстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиев «Бәсе» жобасының негізін қалаушы Наталья Садықованы сотқа берді

Қазақстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиев «Бәсе» жобасының негізін қалаушы Наталья Садықованы сотқа берді
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстандық кәсіпкер және «Миротворец» базасының фигуранты Гаджи Гаджиев Киев сотына «Бәсе» жобасының негізін қалаушы Наталья Садықованың үстінен талап арыз түсірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Украина - Центральная Азия» телеграм арнасының мәліметінше, Киевтің Шевченков аудандық соты 22 сәуірде қазақстандық кәсіпкер, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиевтің «Бәсе» жобасының негізін қалаушы Наталья Садықоваға қарсы талап арызын қарайды. Отырыс туралы ақпарат сот сайтындағы қарауға тағайындалған істер тізімінде көрсетілген. Талап арыздың нысанасы  ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау.

Бұдан бөлек, алдағы сот отырысы туралы анонсты журналистерге стратегиялық коммуникациялар бойынша француз кеңесшісі және TerNoir консалтингтік агенттігінің негізін қалаушы Эрик Базен (Eric Bazin) таратуда. Базен өзін 40 жылдық еңбек өтілі бар журналист ретінде таныстырып, халықаралық медиаларда Гаджи Гаджиевтен алған сұхбатын жариялауға тырысуда. Сонымен қатар, Базен Гаджиевті «халықаралық деңгейде танымал екі журналист әйелдің қудалау науқанының құрбаны болған» қазақстандық олигарх ретінде сипаттайды. Кеңесшінің айтуынша, сөз Respublika басылымының бас редакторы Ирина Петрушова мен «Бәсе» негізін қалаушы Наталья Садықова туралы болып отыр.

«Гаджиевтің жетістігін жүйелі түрде қаралау арқылы бұл екі журналист Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынасқа іріткі салып, Мәскеудің мүддесіне жұмыс істеп жатыр!» - деп жазады Базен журналистерге арналған хабарламасында.

Наталья Садықова алдағы сот туралы ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан.

Бұған дейін «Бәсе» жарияланымдарында Садықова Гаджи Гаджиевті күйеуі Айдос Садықовты «өлтіру бойынша арнайы операцияның демеушісі» және «қазақ-қытай шекарасының қарауылшысы» деп атаған болатын. 2025 жылдың қыркүйегінде украиналық «Миротворец» жобасы Гаджи Гаджиевті «Ресейдің Украинаға қарсы гибридті агрессиясына сыбайластығы үшін» өз базасына енгізген еді.