Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Назарбаев әкімшілігін басқарған экс-шенеуніктің отбасы Венадан қымбат пәтер сатып алды

Назарбаев әкімшілігін басқарған экс-шенеуніктің отбасы Венадан қымбат пәтер сатып алды
Сурет: Tengrinews.kz

Нұрсұлтан Назарбаев тұсында президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің отбасына тиесілі компания Австрия астанасы Вена қаласынан құны шамамен 4,5 млн еуро болатын пәтер сатып алған. 2024 жылы жасалған бұл мәміле Нойбау ауданындағы ең қымбат жылжымайтын мүлік келісімдерінің бірі болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Нойбау - Венаның орталық аудандарының бірі. Мұнда Вена операсы, Карлскирхе шіркеуі және қалалық ратуша сияқты көрікті орындарға жаяу 15 минутта жетуге болады. Пәтер тарихи ғимараттардың бірінде орналасқан, аумағы 413 шаршы метр, деп жазды "Выход к морю" телеграм арнасы.

Жылжымайтын мүлік Bazantner GmbH атты жергілікті активтерді басқару компаниясының атына рәсімделген. Компанияны Мусиндер отбасының шетелдегі жобаларындағы серіктесі Сергей Кушенов басқарады. Компания құрылымы арқылы пәтер Біріккен Араб Әмірліктеріндегі UNCIA қорымен байланысты, ол Аслан Мусиннің ұлы Сауранбек Мусин мен оның туыстарына қатысты.

Мусиндер отбасының Еуропадағы басқа да ірі активтері бар. Мәселен, Латвияда олар 5,6 млн еуроға тұрмыстық техника сататын ірі ритейлер компаниясын сатып алған. Бұл елдегі олардың барлық активтерінің құны 20 млн еуродан асады.

Отбасының негізгі бизнес жобалары Болгарияда шоғырланған. София қаласында олар инвестициясы 200 млн еуродан асатын ірі тұрғын және коммерциялық құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаға кеңсе ғимараттары, тұрғын үйлер, мектептер мен спорт кешендері кіреді.

Сонымен қатар Аслан Мусиннің жұбайы Гүлбану Укетайқызы мен ұлы Сауранбек Болгарияның «алтын» азаматтығын алған. Ал Аслан Мусиннің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанған. Қазір Черногория билігі мұндай азаматтықтардың берілу заңдылығын тексеріп жатыр.

Сарапшылар Болгария Шенген аймағына қосылғаннан кейін жаңа азаматтардың қаржы көздері мен натурализация негіздері де мұқият тексерілуі мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты Мусиндер отбасы өз активтерінің бір бөлігін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қор арқылы рәсімдеген болуы ықтимал.