ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Алматы-2» станциясында пойызда 52 адамның иіс тиіп улануына қатысты қоғамда резонанс тудырған оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрдің айтуынша, адамдар уланған вагон жекеменшік компанияға тиесілі.
– Қандай да бір жекеменшік вагонмен келісім болған, онда күн суық болып, олар көмірқышқыл газын бөлетін жылыту жүйесін орнатқан. Қазір тергеу аяқталып қалды, вагон иелері қатаң жазаға тартылады. Онда тікелей заң бұзушылық бар, бірақ мұның бәрін заң аясында құқықтық тұрғыдан дәлелдеу керек. Бұл вагон рельстен алынды, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Оқушылар мен оларға ілесіп жүрген ересектер 2025 жылдың желтоқсанында пойыз вагонында иіс тиіп уланған болатын. Ресми мәлімдемелерге сәйкес, ол вагон түсірілім алаңы ретінде пайдаланылған.
Көмек көрсету үшін 13 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылып, екі бала жансақтау бөліміне жатқызылды.