Талдықорғанда пышақпен жасалған шабуыл салдарынан әйел қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Azattyq Rýhy сайтының жазуынша, қайғылы оқиға асханада болған. Ер адам тұрмыстық жанжал кезінде әйелге шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Күдіктінің бұған дейін адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.
Ер адам ұсталып, қамауға алынды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаға қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тұрмыстық жанжал барысында күдікті жәбірленушіге пышақ жарақаттарын салған. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.
Полиция тергеуге қатысты өзге мәліметтерді жария етпеді.