Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Білім

«Болашақ» стипендиясының 7,7 млрд теңгесі талапқа сәйкес емес – Жоғары аудиторлық палата

«Болашақ» стипендиясының  7,7 млрд теңгесі талапқа сәйкес емес  – Жоғары аудиторлық палата
Сурет: gov.kz

«Болашақ» стипендиялары 7,7 млрд теңге сомасында талаптарға сәйкес келмей тағайындалған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) мүшесі Тілеген Каскин мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

“Болашақ” бағдарламасын басқаруда елеулі тәуекелдер бар. Жалпы іріктеу талаптарына сәйкес келмесе де, министрліктің шешімімен 340 үміткерге жеке тәртіппен 7,7 млрд теңгеге стипендия тағайындалған. Сонымен қатар 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген», – деді Каскин мәжілістегі үкімет сағатында.

ЖАП өкілінің айтуынша, әсіресе жасанды интеллект бағыты бойынша жағдай айқын көрінеді: жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі ғана беріліп, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.

«Соңғы бес жылда жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын шығындар 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін өсті. Студенттер саны 625 мың адамға жетті, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 77 мыңнан астам грантты құрады. Алайда жүргізілген мемлекеттік аудит көрсеткендей, қаржыландыру екі есе артқанына қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сапа, ашықтық және нәтижелілік бойынша соған сәйкес өсімді қамтамасыз етпейді», – деді ол.

ЖАП бірқатар жүйелі проблемаларды атап өтті:

– сала тұрақты әрі дәйекті стратегиялық логикасыз дамып келеді;
– мемлекеттік бақылау мен цифрлық басқару әлсіз қалыптасқан;
– мемлекеттік тапсырыс экономиканың нақты сұранысымен жеткілікті деңгейде байланысты емес;
– мемлекеттік тапсырысты әкімшілендіруде нормативтік және есептік мәселелер сақталған;
– тәуекелдің сезімтал аймағы студенттердің оқудан шығарылуы мен міндетті өтеуге қатысты.

«Аудиттің жалпы қорытындысы: қазіргі таңда жоғары білім беру жүйесі нәтижеден гөрі процесті көбірек қаржыландырады. Негізгі міндет – гранттар мен шығындарды арттыру ғана емес, сапаны нақты бақылау, бірыңғай цифрлық есеп жүргізу, мемлекеттік тапсырысты еңбек нарығымен байланыстыру және нәтиже болмаған жағдайда бюджет қаражатын қайтарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру», – деп түйіндеді Каскин.

Бөлісу