Қазақстанның орта білім беру жүйесінде оқушылардың сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілмек, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасына дәстүрлі жазба жұмыстары – диктант, мазмұндама және шығарманы қайта енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл әдістер оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіріп, логикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Сарапшылар да бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың пікірінше, классикалық тәсілдердің қайта оралуы оқушылардың сөздік қорын байытып, жазу мәдениетін қалыптастыруға оң әсер береді.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық білім беру бағыты да күшейтіледі. «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Жаңартылған оқу жоспарына сәйкес, 5-7 сыныптарда "Конституция негіздері" пәні оқытылса, 8-9 сыныптарда "Заң және тәртіп" сабағы енгізіледі. Ал жоғары сыныптарда "Құқық негіздері" пәні тереңдетіліп, оқушылар заңнамаларды талдауды үйренеді.
Министр сондай-ақ "Келешек мектебі" жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру ұйымдарында тәртіп пен тазалықты сақтау, мұғалімдердің жұмысын жаңғырту маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, мектеп тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар ұлт болашағын қалыптастыратын тәрбие ортасы болуы тиіс.
Соңғы жылдары білім сапасында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, төрт жыл ішінде бұл көрсеткіш 55,5 пайызға дейін өскен. Ал 2025-2026 оқу жылында 300-ден астам оқушы республикалық байқауларда жүлдегер атанса, 27 оқушы халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен.