Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы экономиканы ғана жөндеуді алға қоймай, спорт саласын да дамытуға бар күшін салуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт инфрақұрылымын жаңғыртуды күн тәртібінен тыс қалдырған емес. Бұқаралық және кәсіби спорттың қатар дамуы үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Айталық, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында, халықтың мың адамға шаққанда спортқа қажетті
инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 60 пайызға жеткені айтылған. Енді осы көрсеткішті 2029 жылға дейін 65%-ға ұлғайту көзделген.
Республиканың әр өңірінде жаңадан салынған спорт ғимараттары пайдалануға берілуде, ал ескілері күрделі жөндеулерден өткізілді. Атап айта кететін жайт, соңғы жылдары бой көтерген спорт нысандарының көбі ауылдық жерлерде салынған. Бұл ауыл тұрғындарының да спорттан тыс қалмауын қадағалау. Айталық, 2024 жылы бой көтерген 90 спорт нысанының 61-і ауылдық жерде пайдалануға берілсе, қалған 29 нысан қалалық жерде салынды. 2025 жылы 147 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 107-сі ауылда, 40 нысан қалалық жерде салынды. Ал қандай спорт нысандары салынды деген сауалға келсек, көбіне дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейндер, бокс, гимнастика залы, жабық футбол манежі, ашық спорт алаңы мен воркаут алаңдары іске қосылған.
Биыл 121 нысанды жүзеге асыру жоспарланған. Аталған спорт нысандарының құрылысына республикалық, жергілікті бюджеттен және мемлекеттік-жеке әріптестік және бюджеттен тыс қаражат көздері қарастырылуда. Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдары Жол картасының негізінде бюджеттен тыс қаржы есебінен 86 ірі жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, спорт ғимараттары мектептер мен колледжге жақын салынған. Бұл мемлекеттің жастарды оқумен қатар спортқа да көңіл бөлуін ескерусіз қалдырмағанын көрсетеді. Ауыл балалары мен жасөспірімдер спортқа қызығып өссе одан болашағымыз ұтылмайды. Түрлі спорт секциялары ашылып, жасөспірімдер арасында өтетін жарыстардан болашақ чемпиондар шыңдалып шығуы әбден мүмкін.
Мамандар қазіргі таңда спорт залдары мен заманауи алаңдар көбейгендіктен салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатары 20-30%-ға артқанын айтуда.
Өздеріңіз байқағандай, спорт ғимаратының көбеюі тек денсаулықты ғана емес, экономиканы да көтереді. Себебі құрылыс арқылы жұмыс орындары ашылса, нысан пайдалануға берілген соң жаттықтырушы, әдіскер, техникалық қызметкерлер жұмыспен қамтылады.
Заманауи спорт алаңшалары жастардың бос уақытын өткізуге, қылмыстың азаюына сеп болады. Дегенмен кей облыстарда спорт нысандарын ұстап отыру, кадр тарту, білікті жаттықтырушы табу сияқты қиындықтар әлі де бар. Сол себепті алдағы уақытта спорт нысандарын салу үшін жеке кәсіпкерлерді де адами капиталға үлес қосуға тарту көзделіп отыр.