Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртаев Ресейге кіргізілмегенін мәлімдеді

«Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртаев Ресейге кіргізілмегенін мәлімдеді
Сурет: Facebook.com/@Азаматхан Амиртаев

«Неге мені Ресейге кіргізбеді? 24 сәуір күні сағат 21:00-де мен Астанадан Мәскеуге Ресейдегі экологиялық партиялардың съезіне қатысу үшін ұшып шықтым, деп жазды ол. 

Айта кету керек, бастапқыда менің ұшуым ресейлік “Аэрофлот” ұшағымен жоспарланған еді. Бірақ Қазақстанның кедендік және шекаралық бақылауынан өтіп, ұшаққа отырғалы тұрған кезде телефон арқылы менің тегім қандай да бір тізімде бар екенін айтып, бортқа жібермейтіндерін хабарлады. Мен кері қайтып, бұл жағдайды Ресейдегі “Жасылдар” партиясындағы әріптестеріме жеткіздім. Олар шұғыл түрде Ресейдің құзырлы органдарына сұрау салып, кейін маған ешқандай күрделі мәселе жоқ екенін, жақын арадағы қазақстандық рейспен Мәскеуге ұша алатынымды айтты», – деп жазды Әміртаев дүйсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Партия жетекшісінің айтуынша, күттіріп қоймау үшін ол ең жақын рейспен, яғни қазақстандық Scat әуе компаниясының ұшағымен ұшқан.

«Жол басынан бастап түсініксіз болды. Ұшу кезінде әуелі ұшақ Санкт-Петербургке қонады деді. Кейін Мәскеудегі Шереметьево әуежайына қонатынын хабарлады. Шереметьевоға қонған соң шамамен екі сағаттай ұшақ ішінде отырдық. Кейін күтпеген жерден Внуковоға ұшатынымызды айтты. Тек түнгі 3:00-де ғана Внуковоға келіп қондық. Мен бірінші қатарда отырғандықтан, паспорттық бақылауға алғашқылардың бірі болып бардым. Сол жерде маған “Сіз қосымша тексеруден өтуіңіз керек” деді. Ешқандай түсініктеме берілмеді. Таңғы 3:00-ден 9:00-ге дейін күту аймағында отырдым. Ақпарат та, себеп те айтылмады. Мені қарсы алуға келген Ресейдегі “Жасылдар” партиясының өкілдері сыртта күтіп, түсініктеме талап етті», – деді ол.

Оның сөзінше, ресейлік экологтар прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға жүгінуге уәде берген.

«Таңғы 9:00-де маған шекара қызметінің қызметкері келіп: “Құжатқа қол қойыңыз. Сізді Қазақстанға қайтарамыз” деді. “Неге?” деген сұрағыма “Біз білмейміз” деген жауап алдым. Мен – Қазақстандағы “Байтақ” жасылдар партиясының төрағасымын. Мен азаматтық қоғам өкілімін. Ресейдегі “Жасылдар” партиясының ресми шақыруымен келдім. Заң бұзған жоқпын. Ешқандай қауіп төндірмеймін. Мен қарапайым сұрақ қоямын: Неге? Неге экология сияқты барша елге ортақ мәселені талқылауға келген адамды себепсіз кері қайтарады? Неге қоғамдар арасындағы диалог шекарада тоқтатылады? Бүгін бұл менің басымнан өтті. Ертең кез келген адамның басынан өтуі мүмкін», – деді саясаткер.

Ол экологияның шекарасы болмайтынын атап өтті.

«Өкінішке қарай, диалогтың шекарасы бар екен. Мұндай жабықтық (себепсіз түсіндірме бермеу) жол берілмейтін жағдай және ресми түсініктеме талап етеді деп санаймын. Біз көпір салуымыз керек, есік жабу емес. Бұл туралы жазайын ба, жоқ па деп ойладым. Жазу керек деп шештім, өйткені халықтар арасындағы достық, партиялар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастық ешқандай кедергіге тап болмауы тиіс», – деп түйіндеді Әміртаев.

Бөлісу