Халықаралық іздеуде жүрген "Қазтеміртранс" АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапенов байланысқа шығып, қазіргі уақытта Қырғызстанда екенін мәлімдеді. Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде белгілі кәсіпкер Elmedia редакциясына жолдаған видеосында Қырғызстан азаматының төлқұжатын көрсеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қапеновтың айтуынша, ол әділ соттан қашып жүрген жоқ. Оның сөзінше, 2018-2019 жылдардан бері Қазақстанда тұрақты тұрмаған. Ал өзіне халықаралық іздеу жарияланғанын Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген кезінде мәскеулік адвокаттарынан естіген.
Кәсіпкер Дубайда үнсіз қалуын қауіпсіздік мәселесімен байланыстырды. Оның айтуынша, БАӘ іздеудегі адамдарды екіжақты келісім бойынша тез арада экстрадициялауы мүмкін. Сондықтан ол өзіне қауіпсіздеу көрінген бағытты таңдағанын жеткізді.
Ресми айыптау деректеріне сәйкес, Азамат Қапенов жүк вагондарын басқару кезінде өзіне қатысы бар компанияларға заңсыз артықшылық берген болуы мүмкін. Соның салдарынан "Қазтеміртранс" компаниясына 5,2 миллиард теңге көлемінде залал келтірілгені айтылған.
Бұған дейін Астана соты Қапеновты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Сонымен қатар оның "Достық" станциясындағы ірі логистикалық хабы тәркіленіп, мемлекет меншігіне өткен.
Қапенов видеода Қырғызстан азаматы екенін растаса да, көрші елдің азаматтығын қалай алғаны әзірге белгісіз. Сондай-ақ "Достық" бекетіндегі активтің тәркіленуіне қатысты мән-жай да толық ашылған жоқ. Кәсіпкер бұл істің артында ықпалды тұлғалар болуы мүмкін екенін айтып, кейінірек жан-жақты түсініктеме беруге уәде етті.