Бұл өнімнің әлемдегі ең ірі өндірушісі – Karex компаниясы бағаның 20-30 пайызға өсетінін мәлімдеді. Компания жылына 5 миллиардтан астам мүшеқап шығарады және Durex сияқты танымал брендтерді өніммен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы компанияның шығындары айтарлықтай өскенін Karex бас директоры Го Мия Киат айтып берді:
«Мұнай бағасы тасымалдаудан бастап, пластик сияқты материалдарға дейін – бәріне әсер етеді. Бұл біз қолданатын нөмірі бірінші шикізатқа, негізгі химикаттарға, сондай-ақ өнімнің қаптамасына да тікелей қатысты».
Karex – жаһандық дағдарысқа дайындалып жатқан көптеген әлемдік өндірушілердің бірі. Иранмен арадағы соғыс Таяу Шығыстан мұнай-химия өнімдерін жеткізуді қиындатып, шикізат сатып алуды күрделендіріп жіберді. Енді Karex өнімдерін Еуропа мен АҚШ-қа жеткізу бір айдың орнына екі айға жуық уақыт алады. Сонымен қатар, әлемде мүшеқапқа деген сұраныс артып отыр, дейді Го Мия Киат:
«Жағдай өте тұрақсыз. Шикізат бағасы жоғары. Бізде басқа таңдау жоқ – бұл шығындарды тұтынушыларға жүктеуге мәжбүрміз, өйткені есеп айырысу доллармен жүргізіледі, ал доллардың малайзиялық ринггитке шаққандағы бағамы да экспорттаушылар үшін тиімсіз болып тұр».
Таяу Шығыстағы қақтығыс өткен жылы басталған мәселені одан әрі ушықтырды. Сыртқы көмектің, соның ішінде АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) тарапынан берілетін қаржының қысқаруына байланысты әлемдік мүшеқап қоры айтарлықтай азайған. Бұл, әсіресе, дамушы елдердегі АИТВ (ВИЧ) инфекциясының алдын алу бағдарламаларына кері әсерін тигізді.