Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Сенат жануарларға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Даулы нормалар қайта қаралады

Сенат жануарларға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Даулы нормалар қайта қаралады
Сурет: Arasha.kz

Сенаторлар жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілген резонанс тудырған түзетулерді Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды. Құжат қоғам сыны мен азаматтардан түскен жүздеген өтініштен кейін қайта пысықталмақ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сенатта бұл заң жұмыс тобының бес отырысында талқыланған. 300-ден астам өтініш түскен. Талқылауға депутаттар, мемлекеттік органдар, жануарларды қорғау ұйымдары мен қоғам белсенділері қатысқан.

Біріншіден, қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін өңірлердің құзырына беру ұсынылады. Шешімді жергілікті жағдайды ескере отырып, мәслихаттар қабылдайды.
Екіншіден, жануарлар санын реттеу туралы баптан «эвтаназия» ұғымын алып тастау ұсынылып отыр. Мәжіліс нұсқасында жануар баспанаға немесе уақытша ұстау пунктіне түскеннен кейін бес тәуліктен соң эвтаназия жасауға рұқсат етілген еді.

Үшіншіден, сенаторлар «қаңғыбас жануар» ұғымын нақтылауды ұсынады. Яғни, ол чиптің бар-жоғына емес, иесінің болмауына байланысты анықталуы керек. Әсіресе ауылдық жерлерде барлық үй жануарларын қысқа мерзімде чиптеу әзірге мүмкін емес. Бұл түзету болмаса, тәжірибеде түрлі қайшылықтар туындауы мүмкін.

Енді депутаттар құжатты осы өзгерістерді ескере отырып қайта қарайды.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдай адамдардың немқұрайдылығының салдары екенін айтқан. Ол жануарларға қатыгездік көрсету мен оларды дұрыс күтіп-баптамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы соңғы уақытта иттердің адамдарға шабуыл жасау деректері көбейгенін, зардап шеккендердің арасында балалар да, ересектер де бар екенін атап өткен еді.