АҚШ-тың Иранға қарсы жүргізген әскери операциясына кеткен шығын көлемі туралы жаңа деректер жария болды, деп Arasha.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сәйкес, 28 ақпанда басталған "Эпикалық қаһар" операциясы америкалық бюджетке шамамен 50 миллиард доллар шығын әкелген. Бұл көрсеткіш Пентагон ресми түрде мәлімдеген 25 миллиард доллардан екі есеге жуық жоғары.
CBS News дерегінше, ресми есепке жойылған және зақымданған әскери техника, сондай-ақ АҚШ базаларына келген шығындар толық енгізілмеген. АҚШ Қорғаныс министрлігінің қаржы директоры Джулс Херст Конгреске тек негізгі шығын көлемін ғана ұсынғаны айтылды.
Шығындардың ең ірі бөлігі оқ-дәріге тиесілі. Сонымен қатар, дрондардан келген шығын да айтарлықтай: америкалық әскер кемінде 24 MQ-9 Reaper ұшқышсыз аппаратынан айырылып, олардың жалпы құны 720 миллион доллардан асқан. Бұған қоса жанармай, әскери күштерді аймаққа жеткізу және инфрақұрылымды орналастыруға кеткен қаражат та есепке кіреді.
Сарапшылардың пікірінше, жұмсалған әскери арсеналды қалпына келтіру үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Ал сенатор Крис Кунс ресми көрсетілген шығын көлемі шынайы жағдайды толық қамтымайтынын атап өтті. Оның айтуынша, есепке әскерді аймақта ұзақ уақыт ұстауға кеткен шығындар енгізілмеген.
Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі Конгрестен қосымша қаржы сұрауы ықтимал. Кей деректерге сүйенсек, бұл сома 200 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
Осы арада АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған бейбіт келісім жоспарын қабылдамай, қысымды күшейту бағытын таңдаған. Ақ үй Иранға қарсы ұзақ мерзімді теңіз блокадасын қарастырып, мұнай экспортын шектеу арқылы экономикалық қысым жасауды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, гипердыбысты қару қолдану мүмкіндігі және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қатаң шаралар да талқылануда.