Дональд Трамп Тегеран "келісім шарттарын бұзған" жағдайда Иранға қарсы әскери соққылар қайта жалғасуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тараптар арасында келіссөздер жүріп жатыр. Алайда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер кейінге қалдырылған. Сонымен қатар Тегеран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруді және АҚШ енгізген блокаданы тоқтатуды ұсынып отыр. Дегенмен, әзірге нақты келісімге қол жеткізілді деуге ерте.
Трамп журналистерге келісімнің жалпы тұжырымдамасы таныстырылғанын айтып, жақын арада оның толық мәтіні ұсынылатынын жеткізді.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі парақшасында Иранның бұрынғы әрекеттері үшін әлі тиісті жауап бермегенін атап өтті. Президенттің сөзінше, егер Тегеран қандай да бір тәртіп бұзушылыққа жол берсе, АҚШ тарапынан қатаң шаралар қолданылуы мүмкін.