Қайғылы жағдай Жаңа-Қарағанды станциясында 3 мамыр күні шамамен түнгі 02:03-те станцияның басты жолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, электровоз сағатына шамамен 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист шұғыл тежегішті қолданғанымен, адамды қағып кетудің алдын алу мүмкін болмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Polites ақпаратына сүйенсек, қаза тапқан азамат – 1977 жылы туған, төртінші разрядты жол монтері. Ол сол сәтте жұмыс құралдарын күзетіп жүрген болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін пойыз шамамен таңғы 04:30-да екінші жолға шығарылған. Апат салдарынан бірнеше пойыздың қозғалысы кідіріп, кешігу уақыты бірнеше минуттан бір жарым сағатқа дейін созылған.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкелген теміржол қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.