Қарағанды медициналық университетінің соңғы курс студенті жатақхананың бесінші қабатынан құлап, қайтыс болды. Полиция бұл оқиғаны жазатайым оқиға деп таныды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиғаның мән-жайын «Патриот» порталы баяндады. Қайғылы оқиға 17 наурызда болған, алайда мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орнының басшылығы бұл туралы ақпаратты жарияламаған. Студенттің қаза тапқанын журналистерге оқу орнының басқа студенттері айтып берді. Марқұм 21 жаста болған, ол халықаралық медицина факультетінде оқыған.
Полиция қызметкерлері толық тергеу жүргізгендерін және бұл оқиғадан қылмыстық іс-әрекет белгілерін таппағандарын хабарлады.
«Полиция 21 жастағы студенттің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Тергеушілер барлық қажетті іс-шараларды орындады. Жиналған материалдар мен сараптама қорытындылары бойынша қылмыстық іс тоқтатылды», – деп мәлімдеді Қарағанды облысының Полиция департаменті.
Халықаралық медицина факультетінің деканы Қасым Сәрсенбаев студенттің «биіктен құлау салдарынан алған жарақаттан» қайтыс болғанын растады, бірақ оқу орнындағы жағдайдың қалыпты екеніне сендірді.
Оның айтуынша, студенттер арасында буллинг (қорқытып-үркіту) жағдайлары тіркелмеген.