Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Тоқтар Әубәкіров ғарыш туралы тараған аңызды жоққа шығарды

Тоқтар Әубәкіров ғарыш туралы тараған аңызды жоққа шығарды
ашық дереккөзден

Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы ғарышқа қатысты кең тараған кейбір әңгімелердің шындыққа сай келмейтінін айтты. Оның сөзінше, әлемге әйгілі америкалық астронавт Нил Армстронг ғарыштан азан дауысын естіді деген әңгіме негізсіз ақпараттан тараған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ғарышкер бұл жөнінде Армстронгпен жеке кездескенін айтып, сол кезде бұл әңгіменің қалай шыққанын өз аузынан естігенін жеткізді.

"Мен Нил Армстронгпен кездескенмін. Оның ғарыштан азанның дауысын естіпті деген әңгімесі шындық емес. Бір журналист солай жазып жіберген, кейін бәрі соны қайталай берген. Содан кейін аңыз болып тарап кетті", – деген екен америкалық астронавт.

Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, Армстронгтың өзі де мұндай дыбыстың болмағанын нақтылаған. Ол бір әріптесінің мұсылмандықты қабылдағанын, бірақ Айда ешқандай ерекше дыбыс естілмегенін айтқанын жеткізген.

"Ол маған: "Иә, менің бір жолдасым мұсылмандықты қабылдады. Бірақ Айдан біз ештеңені, ешкімнің дауысын естіген жоқпыз", – деп ашық айтқан", – дейді Әубәкіров.

Сонымен қатар қазақ ғарышкері ғаламда адамзаттан өзге өркениеттер болуы мүмкін деген пікірді де жоққа шығармайтынын атап өтті. Ол өмірінде түсіндіре алмайтын ерекше құбылыстың куәсі болғанын да еске алды.

"Таңғы алты шамасында далада жүргенмін. Аспанда өте жарық жұлдыз сияқты нүкте көрінді. Қыс мезгілі еді. Бір кезде сол жарық қозғалып, дәл төбеме келді. Біреуге айтсаң сенбейді, ертегі сияқты көрінеді. Содан жүгіріп барып, қасымдағы төрт жігітті ояттым. Үшеуі сыртқа шықты. Сол кезде әлгі табақша бізге жақындап келді де, бір мезетте зу етіп жоғалып кетті", – деп еске алады ғарышкер.

Оның айтуынша, бұл оқиға әлі күнге дейін өзіне жұмбақ күйінде қалып отыр. Тіпті сол кезде бірге көрген үш азамат көп ұзамай жастай өмірден өткен.

"Бұл жайт мені әлі күнге дейін ойландырады. Нақты жауабын тапқан жоқпын. Сол кезде қасымда болған үш жігіт те кейін ерте қайтыс болды. Мұның өзі де бір түсініксіз жағдай", – дейді Тоқтар Әубәкіров.