Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"5 мың теңгеге бола өлтірді": Алматыда қаза тапқан жасөспірімнің туыстары шындықты айтты

"5 мың теңгеге бола өлтірді": Алматыда қаза тапқан жасөспірімнің туыстары шындықты айтты
видеодан скриншот

Алматыда жаппай төбелестен көз жұмған екі жасөспірімді жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмдардың туыстары олардың өліміне қатысты КТК телеарнасына жаңа деректерді бөліскен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қаза тапқандардың бірі – 17 жастағы Дінмұхаммед Есенкелді. Ол болашақта тергеуші болуды армандап, заң факультетіне оқуға түскен еді. Алайда жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға оның жарқын болашағын үзіп кеткен.

Марқұмның әкесі Натан ұлының денесін мәйітханадан өзі алып кеткенін айтты. Сол кезде ол жүрек тұсы мен иығында пышақ жарақаттары болғанын байқаған.

"Таңертең сағат 9-да хабар келді. Суық хабар келді. Кешкісін жұмысқа кеткен, содан, мінекей, баламды мәйітханадан алып қайттым", – дейді марқұм Дінмұхаммедтің әкесі Натан Әбдірасылов.

Марқұм Дінмұхаммед қайғылы оқиғаға бір апта қалғанда әпкесіне Әкежан есімді жігіттің өзін аңдып, ақша талап етіп жүргенін айтқан. Туыстарының пікірінше, бұл жағдай кейін болған төбелеспен тікелей байланысты болуы мүмкін.

Олардың айтуынша, тергеу барысында Димашқа пышақ сұғып, ажал құштырған күдікті дәл осы Әкежан екені анықталған.

"Әпке, менен Әкежан деген бала қыс айынан бастап аптасына 5 мың теңге маған әкеп тұр" деген. Армиядағы секілді әлімжеттік қой. "Әпке, ешкімге айтпаңыз, мен еркекпін, өзім шешем", – деді. Сол кезде өзім де ерте қимылдасам, Құдайдан маған келген белгі шығар. Ерте қимылдасам, інімді тірі алып қалар ма едім? Бес мың теңгеге бола, адам өлтіретін заманға келіппіз", – дейді марқұм Дінмұхаммедтің әпкесі Айдана Есенкелді.

Төбелестің нақты неден басталғаны және қай жерде болғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Алғаш жанжал шықты делінген компьютер клубы қазір жабық. Айналадағы дүкен қызметкерлері оқиға болған түннің ертесіне қан іздерін көргендерін айтқан.

Полиция өкілдері бұл іске қатысы бар ешкім жауапкершіліктен жалтармайтынын мәлімдеді. Қанды оқиғаға қатысты тергеу Ішкі істер министрлігінің тікелей бақылауына алынған.