Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Шотына қомақты ақша түскен азамат миллиондарды қайтаруға мәжбүр болады

Шотына қомақты ақша түскен азамат миллиондарды қайтаруға мәжбүр болады
Сурет: Рixabay

Батыс Қазақстан облысында бір әйел сотқа жүгініп, жауапкерден 5 миллион теңгеге жуық негізсіз байыту сомасын өндіріп алуды сұраған, деп хабарлайды Arasha.kz.

БҚО соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Ақжайық аудандық сотында негізсіз байыту сомасын өндіріп алу туралы азаматтық іс қаралды.

Оқиға талап қоюшының өздерін курьерлік қызмет және Ұлттық банк қызметкерлеріміз деп таныстырған алаяқтардың құрығына түсуінен басталған. Олар әйелді бірнеше банктен несие алуға көндірген.

Талап қоюшының айтуынша, қаскөйлердің ықпалымен ол ірі көлемде ақша аударған. Кейін алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген бойда полицияға арызданған.

Тексеру барысында 4 990 000 теңгенің жауапкердің банктік шотына түскені анықталды. Бұл ретте тараптар арасында ешқандай келісімшарт, қолхат немесе өзге де құқықтық қатынастар болмаған.

Сотта жауапкер талап арызды мойындамады. Ол өзін де зардап шегуші ретінде санайтынын түсіндірді. Оның сөзінше, танысы оны өз атына банктік карта ашуға көндіріп, кейін сол картаға рұқсат алып, оны өз бетінше пайдаланған.

Жауапкер өз шоттары арқылы ірі сомадағы ақшаның өткенінен хабарсыз болғанын алға тартты. Алайда, ол банк қосымшасы арқылы өз атына карта ашып, биометриялық сәйкестендіруден жеке өзі өткенін жоққа шығармады.

Сот мынадай шешім шығарды: шоттар дәл жауапкердің атына рәсімделген және ақшалай қаражат нақ сол шоттарға түскен. Сондықтан, картаны іс жүзінде кім басқарғанына қарамастан, ақшаны қайтару міндеті шот иесіне жүктеледі.

4 990 000 теңгені өндіріп алу туралы талап арыз толық қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.