Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

АЭС құрылысының құны құпия бола ма?

АЭС құрылысының құны құпия бола ма?
Stefano Guidi / Getty Images. Көрнекі сурет: АЭС

Қазақстанда атом электр станцияларын салу мен жаңғыртуға жұмсалатын шығындар ішінара құпиялануы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, Мәжіліс 29 сәуірде мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы құрылымдардың жұмысын күшейтуге бағытталған заң жобасын қабылдаған. Құжатта мемлекеттік құпияларды қорғау тетіктерін күшейту де қарастырылған.

Вице-министрдің сөзінше, бұған дейін энергетикалық жобаларға қатысты ақпарат ашық түрде жарияланып келген және бұл тәжірибеден толық бас тарту жоспарланып отырған жоқ. Дегенмен АЭС құрылысына байланысты кейбір деректер құпия санатқа енгізілуі мүмкін.

Ол мұны жобаның ауқымдылығымен және халықаралық келісімдер жасалуы ықтималдығымен түсіндірді. Сонымен қатар нақты қандай ақпараттың құпияланатыны жөніндегі шешімді Атом энергетикасы агенттігі қабылдайтынын атап өтті.

"Біздің жобалардың барлығы ашық түрде өтеді: тендерлер, аукциондар ұйымдастырылады, оған бақылаушылар қатысады", – деді Сұңғат Есімханов.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға дейінгі атом энергетикасын дамыту стратегиясын бекіткен болатын. Құжатқа сәйкес, алдағы жылдары Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарланып отыр.

Бөлісу