2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстан экономикасы 3,6%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректерінде айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Елдегі өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Сарапшылардың мәліметінше, өсімнің негізгі драйвері өңдеу өнеркәсібі болған. Бұл секторда өндіріс көлемі бірден 9,9%-ға артқан.
Әсіресе машина жасау саласы жоғары қарқын көрсетті. Саладағы өсім 23,3%-ға жетті. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол техникасын, электр жабдықтары мен тауарларын өндіру көлемінің ұлғаюы әсер еткен.
Бірқатар өңдеу бағыттарында да айтарлықтай өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп өндірісі 2,3 есе артқан. Сонымен қатар жиһаз өндірісі 41,7%-ға, фармацевтика 35,2%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 27,7%-ға, химия өнеркәсібі 18,4%-ға өсті. Азық-түлік өндірісіндегі өсім 14,4%-ды құрады.
Жыл басынан бергі төрт айда экономиканың оң динамикасы базалық салалардағы тұрақты өсіммен қамтамасыз етілген. Ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда мен ауыл шаруашылығы салаларында байқалды.
Атап айтқанда, құрылыс саласының индексі 114,5%-ды, көлік және қоймалау 112%-ды, өңдеу өнеркәсібі 109,9%-ды, сауда 105,1%-ды, ауыл шаруашылығы 103,6%-ды құрады.
Осылайша, қазіргі ЖІӨ өсімінің құрылымы шикізаттық емес секторлардың үлесі артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.