Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Іздеуде жүрген Азамат Капенов Қазақстан халқына үндеу жасады

Іздеуде жүрген Азамат Капенов Қазақстан халқына үндеу жасады
Сурет: видеодан скрин

Іздеуде жүрген ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов өзіне қатысты айтылған айыптауларға жауап беріп, қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Капенов әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстаннан ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, ата-анасына тиесілі «Евротрансгрупп» компаниясы Достық станциясында Орталық Азиядағы ең ірі порттың құрылысын жүргізіп жатыр.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерге үндеу жасағым келеді. Мен Қазақстаннан ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр деген пікірлер айтылып жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. “Евротрансгрупп” компаниясы Достық станциясында Орталық Азиядағы ең үлкен портты салып жатыр. Жоба 51 гектар аумақта орналасқан», - деді ол.

Капеновтың сөзінше, жер телімдері Krisha сайты арқылы жеке тұлғалардан сатып алынған, ал құрылыс банк несиесі есебінен жүргізілген.

Сондай-ақ ол порт құрылысының мерзіміне назар аударды. Айтуынша, жоба 2022 жылдың маусымында басталған. Ол кезде Кәрім Мәсімов түрмеде жазасын өтеп жатқан. Ал алғашқы кезең 2023 жылдың ақпанында аяқталып, нысан табыс әкеле бастаған.

«Бірінші кезең 2023 жылдың ақпанында аяқталды. Сол уақыттан бастап ай сайын бір миллион доллар көлемінде пайда түсіре бастады», - деді Қапенов.

Бұдан бөлек, ол алдағы уақытта рейдерлік туралы мәлімдемелер жасайтынын айтты. Оның сөзінше, мәселе кейін катарлық Lesha Bank-ке өткен Bereke Bank төңірегіндегі жағдайға қатысты.

«Рейдерлік туралы, қараусыз қалған арыздар туралы айтамын. Алда әлі көп қызық бар», - деді ол.

Бұған дейін Азамат Қапенов Қырғызстаннан бой көрсетіп, жергілікті паспортын жариялағаны хабарланған еді. Оған дейін ол БАӘ-де болған. Қаржылық мониторинг агенттігі Қапеновты іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, ал сот оны сырттай қамауға санкция берген.