Мәселен егер адам партия логотипі бар кепкамен фото не видео жарияласа, кандидатты ашық қолдаса немесе жазылушыларын дауыс беруге үгіттесе — бұл жасырын үгіт ретінде бағалануы ықтимал, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мұндай мәлімдемені Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәжілісте жаңа заң жобасын талқылау кезінде айтты. Қазір депутаттар интернет пен әлеуметтік желілердегі үгіт ережелерін бұзғандарға жауапкершілік енгізетін түзетулерді қарастырып жатыр.
Талқылау барысында депутат Никита Шаталов блогер ақы алмай-ақ партия символикасы бар контент жариялап, аудитория алдында оны қолдаса не болатынын сұрады.
ОСК өкілдері егер блогерде партиядан немесе кандидаттан жазбаша келісім болмаса, мұндай жарияланымдар жасырын үгіт деп танылуы мүмкін екенін айтты. Мұндай жағдайда жеке тұлғаға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады — бұл шамамен 86 500 теңге.