Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Ресей Путин «әлемдегі ең қуатты» деп атаған «Сармат» зымыранын сынақтан өткізді

Ресей Путин «әлемдегі ең қуатты» деп атаған «Сармат» зымыранын сынақтан өткізді
Сурет: РФ Қорғаныс министрлігі

Ресейде «Сармат» баллистикалық зымыраны сәтті сынақтан өтті. Владимир Путиннің айтуынша, оның қуаты кез келген батыстық баламалардан асып түседі, деп хабарлайды Arasha.kz РФ президентінің сайтына сілтеме жасап.

Ресей президентінің сайтында хабарланғандай, «Сармат» жаңа ауыр сұйықтықпен жұмыс істейтін құрлықаралық баллистикалық зымыранының сынағы кеше, 12 мамырда өткен. Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінің қолбасшысы Сергей Каракаевтың айтуынша, бұл зымыран кеңестік «Воевода» кешенін алмастырмақ.

«Сармат» өзінің жауынгерлік мүмкіндіктері бойынша, әсіресе ұшу қашықтығы, тасталатын салмағы, ұшуға дайындығы және қолданыстағы әрі болашақтағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін бұзып өтуге мүмкіндік беретін қарсы іс-қимыл құралдары жағынан алдыңғы нұсқаларынан басым.

«Сармат» зымыран кешендерін орналастыру стратегиялық ядролық күштердің жерүсті тобының нысандарды жою және стратегиялық тежеу міндеттерін орындау мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады», - деді Каракаев.

Ресей президенті әрі Қарулы Күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Владимир Путин «Сармат» зымыраны бойынша жұмыстар 2011 жылы басталғанын айтты.

«Бұл  әлемдегі ең қуатты зымыран кешені.  Ол жеткізетін оқтұмсықтың жиынтық қуаты кез келген ең қуатты батыстық баламаның күшінен 4 еседен астам асып түседі.

Екіншіден, ең бастысы  зымыран тек баллистикалық емес, сонымен қатар суборбиталық траекториямен де қозғала алады. Үшіншіден, бұл оның қолдану қашықтығын 35 мың шақырымнан асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәлдік сипаттамасы екі есе жақсарған және барлық қолданыстағы немесе болашақта жасалатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін бұзып өту мүмкіндігіне ие», - деп толықтырды Путин.

Айта кетейік, «Сармат» 2026 жылдың соңына дейін жауынгерлік кезекшілікке қойылады деп жоспарлануда.