АҚШ-тың Гейнсвилл қаласында тұратын Доминик Пейдж UF Health Shands ауруханасын сотқа берді. Оның айтуынша, дәрігердің өрескел қателігі екі жасар ұлы Де’Маркустың өліміне себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 2024 жылдың 1 наурызында болған. Анасы баласын тоқтаусыз жылап, тамақ ішуден бас тартып, диареядан әлсіреген соң ауруханаға жеткізген.
Тексеру кезінде дәрігерлер баланың қанындағы калий деңгейі төмен екенін анықтаған. Көрсеткіш 2,8 болғандықтан, оны шұғыл түрде қалпына келтіру қажет болған.
Алайда дәл осы сәтте қауіпті қателік кеткені айтылып отыр. Дәрігер Цзяби Чен калий фосфатының мөлшерін 15 ммоль/литр деп көрсеткен. Ал балаға қажетті доза 1,5 ммоль/литр болуы керек еді. Яғни тағайындалған мөлшер қажетті дозадан он есе көп болған.
Доминик Пейдждің сөзінше, үтірдің дұрыс қойылмауы баланың өміріне қауіп төндірген. Ең өкініштісі, бұл қателікті фармацевт те, басқа медицина қызметкерлері де дер кезінде байқамаған. Соның салдарынан екі жасар бала жоғары дозаны екі рет қабылдаған.
Екінші дозадан кейін Де’Маркустың ағзасындағы калий деңгейі 7,8-ге дейін көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтіргенімен, ұзақ уақыт оттегі жетіспеуі баланың миы мен ішкі ағзаларына ауыр зақым келтірген.
Содан кейін сәби екі апта бойы арнайы аппараттың көмегімен ғана өмір сүрген. Бірақ жағдайы оңалмаған соң, 2024 жылдың 18 наурызында ата-анасы өмірді қамтамасыз ететін құрылғыны ажырату туралы ауыр шешім қабылдаған.
"Сол күн әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ұйықтасам да, бәрі түсіме кіріп, шошып оянамын", – дейді Доминик Пейдж.