АҚШ әкімшілігі ресейлік мұнайға қарсы енгізілген санкциялардың қолданылуын тоқтата тұру мерзімін ұзартпады. Бұл дегеніміз басқа елдерге Ресейден санкцияға ілінген энергия тасымалдаушыларды сатып алуға мүмкіндік беретін жеңілдіктер мерзімі аяқталған соң, 16 мамырдан бастап санкциялардың қайта іске қосылғанын білдіреді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Наурыз айында Вашингтон АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы аясында мұнай бағасының өсуін тежеу мақсатында Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты енгізілген санкцияларды ішінара тоқтата тұрған болатын. Сол кезде АҚШ Қаржы министрлігі кемелерге тиеліп қойған мұнайды сатып алуға 30 күнге рұқсат берді.
11 сәуірде бұл мерзім аяқталуы тиіс еді, бірақ американдық әкімшілік бұл рұқсатты тағы да 16 мамырға дейін ұзартты. 11 сәуірге аз уақыт қалғанда АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент басқа елдерге АҚШ санкцияларынан қорықпай ресейлік мұнайды сатып алуға мүмкіндік беретін бұл рұқсатты қайта ұзартпауға уәде берген.
Bloomberg агенттігінің атап өтуінше, еуропалық елдер санкциялардың тоқтатыла тұруына қарсы болған, өйткені мұндай шаралар мұнай сатудан түскен табыс есебінен Украинаға қарсы соғысын қаржыландырып отырған Ресейге жасалатын қысымды әлсіретеді.
Алайда кейбір мемлекеттер, соның ішінде Үндістан мен Индонезия, Трамп әкімшілігін санкцияны тоқтата тұру мерзімін ұзартуға көндіруге тырысқан. Өйткені Ормуз бұғазының бұғатталуы әлемдік нарықты мұнайдың қомақты бөлігінен айырды, деп жазады Bloomberg.