2026 жылғы 14-15 мамыр аралығында Қызылорда облысының Қазалы ауданында Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізіліп жатқан орман мелиорациялық шараларымен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Іс-шараға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн га сексеуіл екпелерін құру туралы тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында ауқымды жұмыстар жүргізілді.
2021-2025 жылдар аралығында жалпы ауданы 1117,5 мың гектар жерде орман мелиорациялық жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 3440,9 тонна сексеуіл мен галофитті өсімдіктердің тұқымы себіліп, 53,2 млн түп сексеуіл көшеті отырғызылды. 2026 жылы жұмыстар 116 мың гектар алқапта атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы толығымен орындалды.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тек сексеуіл егу ғана емес, сонымен қатар тұрақты инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары қатар жүргізілді. Қазалы қаласында ауданы 33 гектарды құрайтын, жылына 3 млн дана көшет өсіруге қауқарлы орман тұқымбағы жұмыс істейді.
Тікелей теңіздің құрғаған табанында тұқымбақ құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта модульдік контейнерлер орнатылып, тереңдігі 500 метрлік ұңғыма бұрғыланды.
Атқарылып жатқан жұмыстарды ғылыми тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының филиалы құрылды.

Өткізілген баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, сондай-ақ сексеуіл екпелерінің қазіргі жай-күйімен танысты.
Сондай-ақ, «Жасыл даму» АҚ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, экологиялық мәдениетті арттыруға және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған экологиялық іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқанын атап өткен жөн.