Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Зеленскийдің сенімді серігі Андрей Ермак бостандыққа шықты

Зеленскийдің сенімді серігі Андрей Ермак бостандыққа шықты
president.gov.ua. Суретте: Андрей Ермак пен Владимир Зеленский

Украина президенті кеңсесінің бұрынғы жетекшісі Андрей Ермак тергеу изоляторынан кепілмен босатылды. Украина Жемқорлыққа қарсы жоғарғы сотының мәліметінше, ол 140 миллион гривен, яғни шамамен 3,16 миллион доллар көлемінде кепіл төлеген, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Украинская правда" басылымының жазуынша, кепіл сомасы 200 бөлек төлем арқылы аударылған. Кейбір төлемнің мөлшері небәрі 1 тиын болғаны айтылды. Ал футболдан Украина құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Сергей Ребров Ермак үшін 30 миллион гривен аударған.

Андрей Ермак 14 мамырда ақша жылыстату және мемлекет мүлкін иемдену күдігімен ұсталған. Сот оны екі айға қамауға санкция бергенімен, 140 миллион гривен кепіл төлеген жағдайда бостандыққа шығуға рұқсат еткен.

Зеленскийдің бұрынғы серігі өзінде мұндай көлемде қаражат жоқ екенін айтып, кепіл сомасын таныстары мен достарының көмегімен жинайтынын мәлімдеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, Ермак Киев облысындағы элиталық құрылыс жобалары арқылы 460 миллион гривеннен астам қаражатты заңдастыруы мүмкін топқа қатысы бар деген күдікке ілінген. Алайда Андрей Ермак өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр.

Айта кетейік, Андрей Ермак 2020-2025 жылдар аралығында Украина президенті кеңсесін басқарған. 2025 жылдың қарашасында Украина президенті оны қызметінен босатқан, кейін оның үйінде тінту жүргізілген.