Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Нигматулиндер металлургия саласындағы ірі активтерінен айырылып жатыр

Нигматулиндер металлургия саласындағы ірі активтерінен айырылып жатыр
Сурет: ашық дереккөзден

Ферроқорытпа өндірісіндегі ірі активтер – YDD Corporation және Asia Ferro Alloys кәсіпорындары Нұрсұлтан Жиенбаев қатысатын Инвестициялық консорциумның бақылауына өтуі мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

«Отандық ферроқорытпа өндірісі секторында меншік иелері өзгереді деп күтілуде. Нұрсұлтан Жиенбаев қатысушыларының бірі болып табылатын Инвестициялық консорциум жоғары сапалы ферроқорытпалар шығаратын YDD Corporation кәсіпорнын сатып алу туралы алдын ала келісімшартқа ресми түрде қол қойды. Осы процеске параллель ретінде тараптар тағы бір бейінді актив – Asia Ferro Alloys-қа қатысты белсенді келіссөздер жүргізуде. Консорциумның кәсіпорындағы 100% үлесті сатып алу құқығымен бірлесіп басқару туралы алдын ала келісімшартқа қол қойылды», – делінген жазбада.

Жиенбаев 2020 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Қарағанды – YDD Corporation және Asia Ferro Alloy кәсіпорындарының қазіргі иелері саналатын Нигматулиндер кланының туған жері. Алайда, қазіргі таңда аймақ әкімінің ресми сайтындағы орынбасарлар тізімінде Жиенбаев жоқ.

«Қазіргі кезеңде тараптар мәмілені толықтай жабу алдындағы барлық қажетті корпоративтік, заңдық және қаржылық рәсімдерді аяқтау үстінде. Келісімнің коммерциялық және қаржылық параметрлері тараптар тарапынан ресми түрде жарияланбады», – деп жазылған хабарламада.

Айта кетерлігі, бұл ақпарат жарияланбастан бұрын, КазТАГ агенттігі Нигматулиндер кланына қарасты Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытының жұмысын тоқтатқанын, онда істеген 528 қызметкердің 442-сі жұмыстан кеткенін хабарлаған болатын. Сол кезде КазТАГ жағдайға қатысты толық мәлімет бере отырып, EkibastuzFerroAlloys кәсіпорнын да атап өткен еді.

Естеріңізге сала кетейік, Экибастұздағы EkibastuzFerroAlloys зауытының ашылуына қатысты жағдай бұған дейін журналист Әсет Матаевтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған ашық хатына себеп болған еді. Онда бұрын тергеуде болған экс-сенатор Ерлан Нигматулиннің (бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нигматулиннің егіз сыңары) жобасына Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) арқылы 72 млрд теңге бөлу мәселесі көтерілген. EkibastuzFerroAlloys-ты дәл осы Нигматулиндер кланы мен олардың серіктесі Шмаги (Давид) Кемертелидзе бақылайтыны белгілі.