Қазақстандық жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «1812: Соғыс және бейбітшілік. Қазақы нұсқа» трилогиясының тұсаукесері Ұлыбритания астанасында өтті. Осыдан екі ғасыр бұрын Наполеонның Ресейге жасаған жорығына қатысқан қазақ сарбаздары туралы туынды ағылшын тілінде көпшілік назарына ұсынылды.
16 мамыр күні Лондонның Pimlico ауданындағы Churchill Gardens кешенінде өткен іс-шараға британдықтар мен қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. Ұйымдастырушы – «Kazakh Centre in the UK», яғни «Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығы». Кеш тізгіні сол ұйымның төрағасы, қазақ руханиятының жанашыры Исмайыл Кесижи мырзада болды, ал аудармашы ретінде Ұлыбританияда тұратын белгілі қазақ актрисасы Шынаргүл Қабышева үлес қосты.
Бұл үш томдықтың тұсаукесері жиналған жұртшылыққа тың ой салды деуге болады. Автор ұзақ жылдар бойы көпке беймәлім болып келген тарих ақтаңдағын қазақтың ұлттық көзқарасы тұрғысынан зерделеп, оқырманға ұсынды. 1812 жылы Мәскеу өртке оранғаннан кейін, қаланы тастап шыққан Наполеон әскерін жеңуге қазақ сарбаздарының қосқан үлесі ресми нұсқаларда ұзақ жылдар бойы айтылмай келгені рас. Шығарма дәл осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен. Әсіресе, І Александрдың қазақ хандығынан көмек сұрап, соның арқасында мыңдаған қазақ жауынгерінің Наполеон әскерін Парижге дейін тықсыра қуғаны туралы дерек трилогияның тұсаукесеріне жиналған кітапсүйер қауымға ерекше әсер етті.

Кітап атауының өзі де әдейі солай таңдалған. Автор Жалғасқали Мұсағалиұлы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романымен әдейі үндестік жасағанын атап өтті. Алайда Толстой сол соғысты суреттегенімен, ондағы жеңіс жолындағы қазақ, украин, беларусь және поляк сарбаздарының үлесі туралы мүлдем сөз қозғамаған. Ал қазақы нұсқа авторы тарихтың тасада қалған тұстарын қайта жаңғыртып, біржақты тарихи нарративте ескерусіз қалған қазақ батырларының ерлігін лайықты деңгейде көрсетуге ұмтылады. Өз қаламының күшін деколонизацияға – отарсыздану пайымына арнаған дей аламыз. «1812: Соғыс және бейбітшілік. Қазақы нұсқа» трилогиясы бүгінгі таңға дейін төрт тілде жарық көрген. Ал осы ағылшын тіліндегі кітаптардың аудармашысы – Әлия Наурызалина.
Кешке келген кітапсүйер қауым автордың зерттеу дереккөздеріне және кітапты жазу идеясының қалай туғанына айрықша қызығушылық танытты. Жалғасқали мырзаның айтуынша, ол бұл оқиға туралы алғаш рет атасының әңгімелерінен естіген. Өйткені ол туып-өскен Атырау өңірінің сол соғысқа қатысқан азаматы Франциядан қайтарда Мишель деген француз қызын жар етіп ертіп қайтады. Ол жұптан туған ақ-сары, көк көз баланың ұрпақтары әлі күнге дейін сол Атырау жақта тұрады екен. Бала үстінде қайтыс болған француз анасының аты ұмытылмасын деген ниетпен, ұрпақтары «Мишелев» деген фамилияны алған деген дерек бар. Одан бөлек, қаламгер Мәскеуде оқып жүрген кезінде, бір досы оның тарихи құжаттар сақталған архивке кіруіне себепкер болады да, осы тақырыпты нақты деректермен зерттеудің мүмкіндігі туады.
Лондондағы тұсаукесер кезінде автор ағылшын жұртымен өзінің алдағы шығармашылық жоспары туралы да бөлісті. «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жалғасқали Дүтмағанбетов енді Кеңес одағы кезіндегі есімі аталмай кеткен батырлардың атын шығарғысы келеді екен. Бұған дейін жарық көрген «Тұлпар және оның тұяқтары», «Тағдырлар тоғысқанда» және «Мәңгілік Махамбет» атты кітаптары да тарих көлеңкесінде қалған қазақ ерлігін көтеретін шығармалар екенін ескерсек, қаламгер сол бағытын жалғастыруға ниетті екенін түсінеміз.

Осы тұсаукесердің арқасында көпшілік қазақ тарихының бұрын кеңінен айтыла бермейтін маңызды бір парағымен танысты. Кеш ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі, Лондон қазағы Исмаил мырза: «Қазаққа қызмет істейміз деп Лондон шаһарында қоғам құрғандықтан, осы бір кітаптың, осы қаламгердің Англияда танылуына сеп болайық деп ниеттендік. Әрбір қазақ біздің жалғызымыз!», деп ыстық ықыласын білдірді. Ал «Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығының» төраға орынбасары, осы тұсаукесерді жоғары дәрежеде өткізу жауапкершілігін абыроймен атқарған Шолпан Кесижи-Күзембаева ханым да өз әсерімен бөлісті. «Кітапта ұсынылған деректер мен тарихи дәлелдер қазақ сарбаздарының Наполеонға қарсы соғысқа қатысқанын көрсетеді, бұл – біз үшін күтпеген жаңалық әрі үлкен мақтаныш. Себебі біздің ұлт өкілдерінің 1812 жылғы француздармен болған соғысқа қосқан үлесі туралы бұрын естімегенбіз. Презентация тек тарихи білімімізді кеңейтіп қана қоймай, ата-бабаларымызға деген мақтаныш пен құрмет сезімін де оятты дей аламын», деді ол.
«Қазақ халқының тарихи-философиялық көзқарасы мен ұлттық болмысының призмасынан жазылған трилогиялық туындыны енді кітап оқу бойынша әлемнің үштігіне кіретін елдің бас қаласы – Лондонның жұртшылығы да білетін болды. Автор кітаптың алғысөзін «A nation that does not know, does not respect and does not honor their past has not future...» деген сөздермен бастаған екен. «Өткенін білмейтін, құрметтемейтін, оны мақтан етпейтін ұлттық келешегі де жоқ» деген сөз. Ұрпақтарының назарынан сырт қалып келген тарихи шындық осындай көркем әдебиет арқылы тек қазақ санасында емес, енді әлем бойынша да жаңа, шынайы түсінікті қалыптастыра беретіні анық.

Алма Сайлауқызы
журналист
Лондон