Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

121 адам мінген "елес ұшақ": Helios Airways 522-рейсінің қайғылы тағдыры

121 адам мінген "елес ұшақ": Helios Airways 522-рейсінің қайғылы тағдыры
ашық дереккөзден

Helios Airways әуе компаниясының 522-рейсіне қатысты апат Грекия азаматтық авиациясы тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі ретінде қалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

2005 жылдың тамыз айында Кипрден әуеге көтерілген Boeing 737 ұшағы әлемдік авиациядағы ең жұмбақ әрі үрейлі жағдайлардың біріне айналды. Бортында 121 адам болған лайнер бірнеше сағат бойы автопилотпен ұшқан. Ал экипаж мүшелері мен жолаушылар ес-түссіз күйде қалған. Диспетчерлермен байланысқа шықпаған ұшақ аспанда үнсіз қалықтап, сырт көзге «елес ұшақ» секілді көрінді.

Қайғылы оқиғаның себебі ұшақ ұшпай тұрып-ақ басталған. Ларнака әуежайында техникалық тексеріс кезінде мамандар герметизация жүйесінің қысым басқару тетігін қол режиміне ауыстырған. Алайда тексеріс аяқталған соң оны қайтадан автоматты режимге қоймаған. Ұшу алдындағы бақылау кезінде экипаж да бұл қатені байқамай, лайнер аспанға ақаулы күйінде көтерілген.

Ұшақ биіктікке көтерілген соң көп ұзамай кабинада ескерту дабылы қосылған. Бірақ ұшқыштар оны герметизация жүйесіндегі ақау ретінде емес, ұшуға дайындыққа қатысты белгі деп қабылдаған. Осы сәтте салондағы оттегі азая бастап, борттағы адамдар біртіндеп гипоксияға ұшыраған.

Көп өтпей ұшқыштар да, жолаушылар да есінен танып қалған. Ал Boeing 737 автопилот арқылы бағытын жалғастырып, Грекия әуе кеңістігіне кірген. Ұшақ байланысқа шықпаған күйі Афина маңында айналып ұша берген.

Байланыс үзілгеннен кейін Грекия Әскери-әуе күштері екі F-16 жойғыш ұшағын көкке көтерді. Әскери ұшқыштар лайнерге жақындаған кезде кабина мен салонда адамдардың қозғалыссыз отырғанын, ал оттегі маскалары төмен түсіп тұрғанын көрген.

Кейін кабинада қозғалыс байқалған. Ол бортсерік Андреас Продрому еді. Ол тасымалданатын оттегі баллонын пайдаланып, есін өзгелерге қарағанда ұзақ сақтаған. Андреас ұшқыштарды оятуға тырысып, әскери ұшқыштарға белгі берген. Оның шағын авиация ұшағын басқаруға рұқсаты болғанымен, ауыр жолаушылар лайнерін толық басқаруға дайындығы жеткіліксіз еді.

Ақырында ұшақтың жанармайы таусылып, Boeing Грамматико ауылы маңындағы тауға соғылған. Апат орнына жеткен құтқарушылар тірі қалған адамды таппады.

Тергеу нәтижесінде апатқа адам факторы себеп болғаны анықталды. Герметизация жүйесінің дұрыс бапталмауы, ұшу алдындағы тексерістегі салғырттық және ескерту дабылын қате түсіну 121 адамның өмірін қиды.

Бұл қайғылы оқиға авиация саласына үлкен сабақ болды. Апаттан кейін бірқатар елде техникалық қызмет мамандары мен экипаждың өзара әрекет ету тәртібі, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеріс талаптары қайта қаралды.