Оқыс оқиға Абай және Чехов көшелерінің қиылысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға орнында «Жылумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ның 11 қызметкері жұмыс істеген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазаншұңқырдан көтерілу кезінде 43 жастағы слесарь құлап кетті. Оған көмектеспек болған тағы бір жұмысшы да құлаған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.
Әріптестері зардап шеккендерді арқанның көмегімен сыртқа шығарған. Алайда, ер адамдардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екіншісі «кәріз коллекторы газымен өткір ингаляциялық улану» диагнозымен ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Қайтыс болған жұмысшы мекемеде 18 жыл еңбек еткен.
Өткен жылдың қазан айында Қарағанды облысында коммуналдық жұмыстар кезінде екі қайғылы оқиға орын алған болатын: Жезқазғанда қызметкер топырақ астында қалып қойса, Қарағандыда кәріз құбырларын ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапқан еді.