Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Әуежайдан қалаға 15 минутта: Қазақстанда аэротакси бағасы қанша болады?

Әуежайдан қалаға 15 минутта: Қазақстанда аэротакси бағасы қанша болады?
Anthony Wallace/Getty Images

Қазақстанда аэротаксимен қатынаудың болжамды құны белгілі болды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өткен брифингте әуе таксиінің бір шақырымы шамамен қанша тұратынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның сөзінше, аэротаксимен ұшудың алдын ала есептелген бағасы бір шақырымға шамамен 1 доллар болуы мүмкін.

Бозымбаев мысал ретінде Алматы әуежайынан қала орталығына дейінгі жолды келтірді. Қазір көлік кептелісіне байланысты бұл бағытқа кейде бір жарым-екі сағат уақыт кетеді. Ал аэротакси іске қосылса, жолаушылар ұшуды алдын ала брондап, қалаға әлдеқайда жылдам жете алады.

"Мысалы, жолаушы Алматы әуежайына ұшып келді делік. Қазір кептеліс салдарынан қалаға жету ұзақ уақыт алады. Әуежай маңында дрондарды орналастыру жоспарланып отыр. Адам ұшуды алдын ала брондайды. Болжам бойынша, бір шақырым шамамен 1 доллар болады. Яғни 15 шақырым үшін жолаушы 15 доллар төлеп, діттеген жеріне жете алады", – деді Қанат Бозымбаев.

Осы есепке сүйенсек, Алматы әуежайынан қала орталығына дейін аэротаксимен ұшу шамамен 7-8 мың теңге болуы мүмкін.

Үкімет өкілдері уақыт өте келе бұл қызметтің бағасы арзандайды деп отыр. Олардың айтуынша, нарықта бәсекелестік артқан сайын аэротакси құны да төмендеуі ықтимал.

Сонымен қатар бұл технология тек жолаушы тасымалына ғана емес, жеткізу қызметіне де пайдаланылмақ. Бозымбаевтың айтуынша, Алатау қаласындағы ғимараттар жолаушылар дрондары мен жүк дрондарына ыңғайлы болатындай етіп жобалануы мүмкін.