Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәдениет қайраткеріне мемлекеттік награда табыстады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президент жарлығымен Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистроваға "Отан" ордені берілді.
Бұдан бөлек, Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева ІІІ дәрежелі "Барыс" орденіне ие болды.
Салтанатты жиында Президент мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, кәсіби мереке қарсаңында еліміздің рухани дамуына елеулі үлес қосқан бірнеше өнер қайраткеріне "Қазақстанның халық әртісі" атағы беріледі.
"Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады", – деді Мемлекет басшысы.
Марапаттан кейін Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына видеоүндеу жолдап, қуанышын бөлісті.
"Қымбатты көрерменім, тыңдарманым, туысқандарым! Бүгін маған "Барыс" орденін табыстады. Ақорданың есігін ашпағалы 30 жыл болыпты. 30 жылдан кейін осындай атақ иесі болып жатқаныма қуаныштымын. Көп рақмет. Баршаңызға осындай марапат бұйырсын", – деді Мақпал Жүнісова.