Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Жалғыз қызым еді": Ақтау апатында қаза тапқан марқұмның қабірінен заттар ұрланған

"Жалғыз қызым еді": Ақтау апатында қаза тапқан марқұмның қабірінен заттар ұрланған
Almaty.tv

Қостанай облысындағы Тобыл қаласының мұсылман зиратында қабір басындағы гүлдер, көшеттер мен гранит орындықтардың жоғалуы жергілікті тұрғындардың ашуын туғызды. Зардап шеккендердің арасында Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан 29 жастағы Сәлима Жұтаеваның отбасы да бар, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаева қызының қабіріне жиі барып тұратынын айтады. Жалғыз қызынан айырылған ана үшін бұл жер – перзентімен іштей сырласатын, сағынышын басатын қасиетті орын. Алайда қара жамылған отбасы енді зираттағы ұрлыққа тап болып отыр.

Туыстарының айтуынша, алдымен қабір басына отырғызылған тірі гүлдер жұлынып кеткен. Кейін мәрмәр мен граниттен жасалған орындықтың бөлшектері жоғалған. Артынша күтіп-баптап өсірген қымбат көшеттер де қазып әкетілген.

"Биыл көшеттерді ұрлап кетті. Былтыр мәрмәр мен граниттен жасалған орындықты алып кеткен еді. Адамдардың бұған қалай қолы барады? Біз әлі қызымыздың қазасынан ес жия алмай жүрміз. Жалғыз қызым еді. Небәрі 29 жаста болатын, өмірі енді ғана басталып келе жатқан", – дейді Ұлтуған Жұтаева.

Кезекті ұрлықтан кейін отбасы қабір басына құлып салынатын қақпа орнатқан. Бірақ бұл да ұрыларға кедергі болмаған. Олар қоршаудың сыртында өсіп тұрған көшеттерді алып кеткен.

"Бір күні келсек, көшеттер жоқ. Бір жыл бойы күтіп-баптадық. Қыста жауып, жазда суарып жүрдік. Қабір басынан мұндай нәрсені ұрлау үшін адамның жүрегі қандай болуы керек?" – дейді марқұмның туысы Руслан Жұтаев.

Жергілікті тұрғындар зираттағы мұндай жағдай соңғы уақытта жиілеп кеткенін айтады. Олардың сөзінше, басқа қабірлерден де шырша, гүл, құмыра және түрлі заттар жоғалып жатыр. Тобыл тұрғыны Айгүл Шәріпова зират аумағында күзет те, бейнебақылау камерасы да, толық қоршау да жоқ екенін айтып, қауіпсіздік мәселесін көтерді.

Полиция қабір басынан шырша ұрлануына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қостанай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, құқық бұзушылыққа қатысы бар адамды анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Сәлима Жұтаеваның анасы да полицияға арыз түсірген. Ол кінәлілер жазаланып, зират аумағына қоршау мен күзет қойылады деп үміттенеді.