Із-түссіз жоғалып, бірнеше күн бойы туыстары мен еріктілер іздеген алматылық Ерзат Егінбайдың қайтыс болғаны хабарланды. Қаралы хабарды марқұмның жеңгесі Шаттық Жүргенова жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол Threads желісіндегі парақшасында жақынынан айырылғанын жазып, көпшілікті қайғылы жаңалықпен бөлісті.
"Жалғызымнан айырылдық! Алла панасына алсын", – деп жазды ол.
Ерзаттың өмірден өткені туралы ақпаратты оның қарындасы да растаған. Алайда марқұмның туыстары оқиғаның нақты қалай болғанын әзірге жарияламады.
25 жастағы Алматы тұрғыны Ерзат Егінбай төрт күн бойы іздестірілген еді. Ол 19 мамыр күні түскі уақытта жұмыстан сұранып шығып, қала шетіндегі ауылдарға қатынайтын автобустардың біріне мінген.
23 мамырда жақындары мен достары Ерзатты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Космос ауылынан іздеген. Себебі жас жігіттің автобуспен осы ауылдан түсіп қалғаны белгілі болған.
Қазіргі уақытта Ерзат Егінбайдың нақты неден көз жұмғаны белгісіз. Оның өз ажалымен қайтыс болғаны немесе оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы әзірге айтылған жоқ.