Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Құқықтық алаңдағы қоғам

Жалған құжатпен тендер ұтқан. Ауқымды схема әшкереледі

Жалған құжатпен тендер ұтқан. Ауқымды схема әшкереледі
Сурет: ЖИ

Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу мәліметінше, «КазСтройОпыт LTD» ЖШС-нің басшысы консалтинг қызметі ретінде көрсетіп, коммерциялық ұйымдарға құрылыс жұмыстары бойынша жалған тәжірибе жасап беру схемасын ұйымдастырған.

Күдіктілер «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіп отырған. Соның арқасында компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде заңсыз артықшылыққа ие болған.

Аталған схема әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы ашық түрде жарнамаланған. Тергеу барысында қылмыстық топ құрамында 11 адамның болғаны анықталды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының кейбір лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдардың әрекеті әшкереленді.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы бірнеше заңды тұлға пайдаланылған. Сол арқылы ақша қаражаты қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған.

Заңсыз табыс көлемі 490 миллион теңгеден асқан. Тергеу кезінде жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Материалдар тиісті тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданған.

Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынды. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.