Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Құқықтық алаңдағы қоғам

Петропавлда 90 млн теңге жымқырған мектеп бухгалтері мен информатика мұғалімі сотталды

Петропавлда 90 млн теңге жымқырған мектеп бухгалтері мен информатика мұғалімі сотталды
Сурет: pexels

Петропавл қаласындағы №42 орта мектептің бас бухгалтері Елена Садовская мен информатика пәнінің мұғалімі Амангелді Ермекбаев бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Тергеу мәліметінше, олар білім беру мекемесінен шамамен 90 миллион теңге шығарып отырған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Анықталғандай, заңсыз схема бес жыл бойы жұмыс істеген. Бас бухгалтер мектеп директорларының электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жалақы, демалыс ақысы мен сыйақы төлеуге арналған құжаттарға қол қойған. Кейін өз атына аударылатын төлем көлемін бірнеше есе арттырған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Алайда күдік туғызбас үшін қаражаттың бір бөлігі басқа қызметкерлерге төлем ретінде рәсімделген. Тергеу нұсқасына сәйкес, бухгалтер әріптестерінен өзінің «бұғатталған есепшотына» байланысты көмектесуді сұрап, олардың банк карталарына ақша аудартып отырған. Мұғалімдер бұл қаражатты қолма-қол шешіп немесе бухгалтер көрсеткен шоттарға қайта жіберген.

Кейін схемаға информатика пәнінің мұғалімі де тартылған. Оның есепшоттары арқылы да ірі көлемдегі қаражат өткен. Тергеу мәліметінше, ол да әріптестерінен өз шоттарын пайдалануға көмектесуді сұраған. Кей жағдайларда ақша бірнеше адамның шоты арқылы аударылған.

Іс материалдарында мектептің 14 қызметкерінің аты аталады. Айыптау тарапының дерегінше, шамамен 50 миллион теңге бухгалтердің өзіне түскен, ал 25 миллион теңгеден астам қаражат информатика мұғалімінің есепшоттары арқылы өткен.

Көптеген қызметкерлер заңсыз төлемдер туралы тек 2024 жылы жүргізілген аудиттен кейін ғана білген. Тексеруден соң бірнеше адам мемлекетке шамамен 10 миллион теңгені ерікті түрде қайтарған.

Мектеп директорлары бухгалтердің әрекеттерінен хабарсыз болғандарын айтқан. Осы аралықта оқу орнында үш директор ауысқан.

Сот үкімімен Елена Садовская сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласына байланысты жаза бір жылға кейінге шегерілді. Амангелді Ермекбаев жеті жылға сотталды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.