Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Құқықтық алаңдағы қоғам

ІІМ қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігетінін түсіндірді

ІІМ қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігетінін түсіндірді
Сурет: polisia.kz

Қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылық жасағандарға, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген жағдайда ауырлығы орташа қылмыс жасаған сотталғандарға қолданылады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жалпы алғанда, амнистияға 15 мыңнан астам адам ілігуі мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы қазір бас бостандығынан айыру орындарында отыр.

- Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтарды қоғамға қайтаруға жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар амнистия өткізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген. Амнистияның күші террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттер, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, амнистия рецидив жағдайларында қолданылмайды. Осылайша құжат ауыр және қоғамға қауіпті әрекеттер үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтайды: құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда жауапкершілік шаралары жалпы негіздерде қолданылады, - деді ІІМ заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлден.

Әкімшілік амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды. Азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жекеменшік практикамен айналысатын мамандар 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін төленбеген айыппұлдардан босатылады. Тек ІІМ желісі бойынша ғана бұл шамамен 17 млрд теңгеден асатын бір миллион айыппұлды құрайды.

Амнистия терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасағандарға, сондай-ақ қайталап қылмыс жасағандарға қолданылмайды.

Әкімшілік амнистия жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандарға және істері сот қарауындағы азаматтарға жүрмейді.

Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.

Бөлісу