Финляндия Temu және басқа да маркетплейстерден келетін арзан сәлемдемелерге салық енгізеді. 2026 жылдың шілде айынан бастап Финляндия кеденінде жаңа ережелер күшіне енеді. Енді бұрын салық салынбай келген арзан сәлемдемелерді елге кіргізу үшін ақы төлеу қажет болады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Белгіленген салық мөлшері 3 еуроны құрайды. Бұл сома бүкіл сәлемдеме үшін емес, әрбір декларацияланған тауар үшін жеке төленеді. Алайда сәлемдемеде кедендік коды мен шыққан елі бірдей тауарлар болса, оларды бір топқа біріктіруі мүмкін.
"Мысалы, бір партияда үш жейде және бірнеше ондаған жұп шұлық болса, жейделер бір тауар ретінде, ал шұлықтар басқа тауар ретінде декларацияланады. Яғни кедендік төлем алты еуроны құрайды", – деп түсіндірді аға кеден инспекторы Антти Хестбака баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ қараша айынан бастап Финляндияда кедендік рәсімдеу үшін қосымша әкімшілік алым алынбақ.
Мұның бәрі Еуропалық одақ елдерінде қабылданып жатқан шаралардың бір бөлігі. Негізгі мақсат – Temu және Shein сияқты қытайлық алып компаниялардың жергілікті нарықтарға белсенді енуін тежеу. Арзан әрі сапасы төмен тауарлар ағыны ел экономикасына әсер етіп отыр. Бағаны төмендету арқылы бәсекеге түсетін шетелдік платформалар салдарынан жергілікті өндірушілер сатып алушы мен табыстан айырылуда. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасы да жергілікті кәсіпкерлерден түсетін салықты толық ала алмай отыр.
Қазақстанда да Temu және кейбір басқа шетелдік маркетплейстер тарапынан әділетсіз бәсеке мәселесі көтеріле бастады. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жергілікті және шетелдік маркетплейстерге түсетін салық жүктемесінің тең емес екенін айтып, наразылық білдірген еді.
Белгілі болғандай, Temu сияқты шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тек «Google салығын» төлейді. Ол қосылған құн салығына тең. Алайда шетелдік компаниялар Қазақстанда корпоративтік және басқа да салықтарды төлемейді, қызметкерлері үшін зейнетақы қорына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударым жасамайды.
Мұндай салықтық теңсіздіктің нақты нәтижесін мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемінен көруге болады.
"2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 86 шетелдік платформа ел бюджетіне жалпы 39 млрд теңгеден сәл астам қаржы төледі. Салыстыру үшін айтсақ, осы кезеңде Қазақстандағы үш ірі маркетплейс мемлекеттік қазынаға 211 млрд теңге аударған. Бұл барлық “шетелдіктердің” бірге төлеген сомасынан бірнеше есе көп", – деп хабарланған «Ақ жол» партиясының сайтында.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шетелдік маркетплейстер Қазақстандағы әлеуметтік инфрақұрылымға қаржы салмайтынын және жергілікті тауар өндірушілерді қолдамайтынын да атап өтті. Депутаттың пікірінше, «Google салығы» жеткіліксіз. Сондықтан жағдайды өзгертіп, ең кемі қазақстандық және шетелдік маркетплейстер үшін тең жағдай жасау қажет.
"Мен жеке өзім де, "Ақ жол" демократиялық партиясы да ұлттық бизнес өкілдері ретінде, әрине, еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ бұл нарық тең жағдайда болуы керек. Өз жерімізде, өз нарығымызда шетелдік компаниялар артықшылыққа ие болса, кешіріңіз, бұл еркін нарық емес. Бұл – кемсіту. Оның үстіне өз кәсіпкерлерімізді өз нарығында кемсіту.
Біздің кәсіпкерлерге ең болмағанда төлейтін салық жүктемесі бойынша тең жағдай беріңіздер. Содан кейін ғана олар өз тұтынушысы үшін күрессін. Ал олардың бәсекелестері бастапқыдан-ақ ұтымды жағдайда болса, олар бағаны төмендетіп, демпинг жасай алады. Мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлер әуел бастан-ақ қолайсыз жағдайға түседі", – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.