Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

"Атымды қаралауға жол бермеймін": Олимпиада чемпионы Шайдоров өз шындығын айтты

"Атымды қаралауға жол бермеймін": Олимпиада чемпионы Шайдоров өз шындығын айтты
Ақорда. Суретте: Михаил Шайдоров

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның үздік спортшыларының бірі Михаил Шайдоров соңғы күндері өзіне қатысты айтылып жатқан әңгімелерге жауап берді. Ол Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жанкүйерлеріне үндеу жасап, айналасында туған дауға байланысты өз ұстанымын ашық жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Спортшы алдымен қиын сәтте қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желіде жазылған жылы пікірлер мен жеке хаттар оған үлкен демеу болған.

"Барша қазақстандықтарға қолдаулары мен бейжай қарамағандары үшін, әлеуметтік желілердегі жазбалары мен жылы сөздері жазылған жеке хаттары үшін алғыс айтқым келеді. Жалған ақпараттарға ермей, маған сенгендеріңіз үшін рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды", – деп жазды Шайдоров.

Михаил Шайдоров кей мәселелердің тек қоғам назарын аударғаннан кейін ғана қозғала бастайтынына қынжылыс білдірді. Дегенмен ол ешбір мемлекеттік органмен дауласуды мақсат етпейтінін, бірақ өз атына кір келтіруге де жол бермейтінін жеткізді.

"Кейбір мәселелерді көпшілікке жария етпейінше шешу мүмкін емес екеніне шын мәнінде өкінемін. Қандай да бір органдармен есеп айырысып, айтысқым келмейді. Бірақ менің атымды көпшілік алдында қаралауға жол бермеймін", – деді спортшы.

Шайдоровтың айтуынша, оған әлі күнге дейін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" куәлігі берілмеген. Спортшы бұл атаққа қажет жоғары нормативті 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған кезде орындағанын атап өтті.

Оның сөзінше, құжат рәсімдеуге қатысты барлық қажетті процедуралар уақытында жасалған. Соған қарамастан, тиісті куәлік әлі күнге дейін қолына тимеген. Осы жағдай соңғы уақытта спорт жанкүйерлері арасында қызу талқыланып, түрлі пікірге себеп болды.

Михаил Шайдоров өз мәлімдемесінде жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, мәселенің ашық әрі әділ шешілгенін қалайтынын аңғартты.