Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Шұрық-тесік жолдар, апат және 60 мың шағым: Қазақстан трассалары тағы да сын астында қалды

Шұрық-тесік жолдар, апат және 60 мың шағым: Қазақстан трассалары тағы да сын астында қалды
pixabay.com

Алматы облысында жолдың нашарлығына қатысты тұрғындардың шағымы қайта күшейді. Бұған Привольное мен Жалғамыс ауылдарының арасындағы тасжолда болған жол апаты себеп болды. Әлеуметтік желіде тараған видеода куәгерлер көліктің терең шұңқырлардан кейін тізгінге бағынбай, апатқа ұшырағанын айтады. Оқиға салдарынан адамдар, оның ішінде балалар зардап шеккен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл бағыттағы жолдың жағдайы бірнеше жылдан бері мәз емес. Олар Привольное мен Жалғамыс арасындағы, құс фабрикасы маңындағы жолды жөндеуді сұрап, e-Otinish жүйесі арқылы бірнеше рет өтініш жолдағанын айтады. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, жағдай әлі күнге дейін өзгермеген.

Тұрғындар бұл жолмен жүру қауіпті екенін алға тартады. Олардың сөзінше, жүргізушілер жиі дөңгелегін жарып, көліктерін зақымдап алады. Кейбір автомобильдер жол үстінде бұзылып, жиегінде қалып қояды. Ал терең ойықтар мен бұзылған жабын жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып отыр.

Осы оқиғадан кейін Қазақстандағы жол сапасы мәселесі тағы да қоғам назарын аударды. Елде жол жөндеуге арналған мемлекеттік бағдарламалар жүргізіліп жатқанына қарамастан, тұрғындардың шағымы азаймай отыр.

Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов те жол сапасына қатысты шағымдардың күрт көбейгенін айтқан еді. Оның мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік органдарға жолдардың жағдайына байланысты шамамен 60 мың шағым түскен. Ал 2026 жылдың алғашқы айларында тағы 7,5 мыңға жуық өтініш тіркелген.

Үкімет басшысы кейбір бағыттардағы жағдайдың әлі де күрделі екенін мойындаған. Ол проблемалы трассалар қатарында Доссор – Ақтау, Атырау – Орал және Алакөлге апаратын жолдарды атаған. Бектеновтің айтуынша, кейбір учаскелердің сапасы ең төменгі талаптардың өзіне сай келмейді.

Премьер-министр нақты мысалдарды да келтірген. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында тұрғындар Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасындағы жолдың асфальты қолмен үгітіліп жатқанын көрсеткен. Ал Жетісу облысындағы Қоянкөз ауылының тұрғындары жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданып, технология талаптары сақталмағанын айтып, жұмысты тоқтатуға дейін жеткізген.

Жол саласына қатысты сын депутаттар тарапынан да айтылып жүр. Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, Қазақстандағы көптеген жолдар белгіленген пайдалану мерзімінің жартысына да шыдамайды. Оның сөзінше, 5-7 жыл қызмет етуі тиіс жабын кей жағдайда 3-4 жылдан кейін-ақ бұзыла бастайды.

Депутат жол сапасы мен жол-көлік оқиғаларының арасында тікелей байланыс бар екенін де атап өткен. Ол келтірген ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 51 мыңнан астам адам зардап шегіп, екі мыңнан астам азамат қаза тапқан. Ең ауыр апаттардың көбі қалааралық трассаларда болады.

Сенатор Сүйіндік Алдашев те жол сапасына қатысты ресми статистикаға күмән келтірген. Ол Көлік министрлігінің жергілікті жолдардың 89 пайызы нормативтік талаптарға сай деген мәліметі халықтың нақты шағымдарымен сәйкес келе бермейтінін айтқан. Сенатор өңірлер арасындағы айырмашылыққа да назар аударған: мысалы, Жамбыл облысында жолдардың 99 пайызы талапқа сай делінсе, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш шамамен 56 пайыз ғана.

Елдегі ең көп сын айтылатын бағыттардың бірі – Атырау – Орал тасжолы. Батыс Қазақстан тұрғындары бұл жолды бірнеше жылдан бері “қауіпке толы бағыт” деп атап келеді. Олар әлеуметтік желілерде терең шұңқырлар, бұзылған жол жабыны және жиі болатын қауіпті жағдайлар туралы жазып жүр.

Жүргізушілердің айтуынша, түнде немесе ауа райы қолайсыз кезде бұл трассамен жүру тіпті қауіпті. Көптеген жүргізуші шұңқырларды айналып өту үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр болады. Ал бұл өз кезегінде жол апатының қаупін күшейтеді. Кейбір көлік иелері дөңгелек пен аспа жүйесін үнемі жөндетуге тура келетінін айтады.

Атырау – Орал жолына қатысты шағымдар көп жылдан бері айтылып келе жатқанымен, толыққанды қайта жөндеу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. 2026 жылы жергілікті ақпарат құралдары жөндеу жұмыстарының бір бөлігі конкурс рәсімдері мен мердігерлерге байланысты 2028 жылға дейін шегерілуі мүмкін екенін жазды.

Тағы бір проблемалы бағыт – Қызылорда – Жезқазған трассасы. Бұл жол орталық және оңтүстік өңірлерді байланыстыратын стратегиялық маңызы бар бағыт саналады. Алайда тұрғындар мен жүргізушілер оның жағдайына жылдар бойы шағымданып келеді. Олар жолдың ойылып кеткенін, шаң-тозаңның көптігін, сапалы асфальттың жоқтығын және қозғалыстың қиындығын айтады.

Мемлекеттік бағдарламалар мен ресми есептерде жол сапасы жақсарып жатқаны айтылғанымен, тұрғындардың шағымы мен депутаттардың сыны бұл саладағы мәселенің әлі де өткір екенін көрсетеді. Жолдардың нақты жағдайы, мердігерлердің жауапкершілігі, құрылыс сапасын бақылау және уақытылы жөндеу мәселесі қоғам назарынан түспей тұр.

Алматы облысындағы соңғы оқиға жол сапасы тек инфрақұрылым мәселесі ғана емес, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті проблема екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Бөлісу