Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімімен кездесуі барысында өңірдің кезекте тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы оң тәжірибесін ерекше атап өткен болатын. Президент облыста жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасын тиімді әрі үлгілі тетік ретінде бағалап, оны республика көлемінде кеңінен енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президенттің жоғары бағасы бүгінде нақты жалғасын тауып, Көкшетау еліміздің басты диалог алаңына айналды. Қалада өткен ауқымды «Aqmola Urban Forum»форумында жетекші сарапшылар Ақмола облысының тәжірибесі қазақстандық қалалардың даму философиясын қалай өзгертетіні жөнінде жан-жақты талқылады.
Екі күнге созылған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120-дан астам урбанист, құрылысшы, инвестор және салалық ведомстволардың басшылары қатысты. Форумның алғашқы күні Астанада басталып, бүгін Көкшетауда жалғасты.
Пленарлық отырыс барысында реновацияның практикалық тетіктері, инвесторлармен өзара іс-қимыл және аумақтарды кешенді дамыту тәсілдері кеңінен қарастырылды. Семинар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында абаттандыру нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар энергия тиімділігін арттыру, нүктелік құрылыстан кешенді кварталдық жоспарлауға көшу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, Ақмола облысының реновация және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту саласындағы жетістіктері бұған дейін Президент тарапынан жоғары бағаланған. Өңірдің тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту жөніндегі тәжірибесі жүйелендіріліп, 2026–2027 жылдарға арналған жол карталары аясында пайдалану үшін барлық өңірлерге ресми әдістемелік ұсыным ретінде жолданған.
Форум қатысушыларына Урбанистика орталығы мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ бірлесіп жүзеге асырып жатқан, инженерлік желілерді алдын ала жобалауға негізделген тұтас шағынаудандарды кешенді салу моделі таныстырылды. Сондай-ақ өңірлік бағдарламаның экономикалық тиімділігі көрсетілді: мемлекет тарапынан небәрі 702 млн теңге көлемінде бастапқы қаражат бөлініп, соның нәтижесінде реновация жобаларына 38 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылған.
«Біз бұл тәжірибені тек теориялық емес, практикалық тұрғыдан да көрсеткіміз келеді. Өңірлерден келген сәулет басқармаларының өкілдері мен профильдік бөлімшелердің басшылары іске асырылған жобалармен тікелей танысып, Көкшетаудың үздік тәжірибелерін өз жұмыстарына енгізе алады. Әсіресе құрылыс нысандарын реновациялау мен энергия тиімді технологияларды енгізу бағытындағы тәжірибе үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ақмола облысы осындай жобаларды іске асыру бойынша Германияның DENA компаниясымен ынтымақтастық орнатқан алғашқы өңірлердің бірі болды. Бұл тәжірибені бүкіл республикаға таратуды көздеп отырмыз», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.
Форумның практикалық бөлігінде аралық қорытындылар жарияланды. Бүгінгі күні өңірде 209 пәтерден тұратын 23 ескі ғимарат сүріліп, олардың орнына 763 пәтерлік 10 жаңа тұрғын үй кешені салынды. Апатты тұрғын үй қорындағы 248 меншік иесі жаңа баспанамен қамтамасыз етілді.
Биыл 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша шамамен 70 ескі үй сүріліп, азаматтарды көшіру үшін 1200 жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Бағдарламаның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мақсаты – 250 апатты ғимаратты бұзып, 18 мыңнан астам тұрғынның баспана жағдайын жақсарту.
Ақмола облысының тәжірибесінің ерекшелігі – елімізде алғаш рет реновация бағдарламасының облыс орталығынан тыс жерлерге де кеңінен енгізілуі. Қазіргі уақытта мұндай жобалар Атбасар, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Бұланды және Аршалы аудандарында жүзеге асырылуда. Құрылыс барысында «GLB Үй құрылысы комбинатының» технологиялары мен Германияның DENA компаниясының стандарттары қолданылады.
Өңір заманауи стандарттарды енгізу арқылы энергия тиімділігіне, LED-жарықтандыру жүйелерін кеңінен пайдалануға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беруде. Көкшетауда жаңа урбанистикалық көзқарастың нақты нәтижесі ретінде бірыңғай дизайн-код енгізіліп, ерекше көркем муралдар пайда болды. Сонымен қатар қаланың маңызды нысандарын біріктіретін, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі үйлесімді жасыл экожүйе қалыптастыратын ауқымды «Көк Шалғын» жобасы іске асырылуда.
Пленарлық отырыстың қорытындысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов урбанистика саласындағы жетістіктер мен өңірдегі құрылыс қарқынының артуы қуатты инвестициялық және экономикалық негізге сүйенетінін атап өтті. Оның айтуынша, ірі құрылыс жобаларының іске асырылуы облыстың құрылыс саласын еліміздегі құрылысшылардың еңбекақысы ең жоғары деңгейдегі өңірлер қатарына шығарды.